Бастапқы жарнасыз да баспана алуға болады - ҚИК

Бастапқы жарнасыз да баспана алуға болады - ҚИК

«Ипотекалық несиелеуді ынталандыру мақсатында ҚР үкіметі қазан айында «Нұрлы жер» бағдарламасына түзетулер енгізді. Өзгерістерге сәйкес, баспана құнының 30 пайызын құрайтын бастапқы жарнаға балама пайда болды. Яғни, 30 пайыз жарнаны төлей алмайтын азаматтар өзіне немесе үшінші тұлғаға тиесілі жылжымайтын мүлікті кепіл ретінде ұсына алады. Сондай-ақ, құрылыс компанияларына алдын ала төлеген төлемі де есепке алынады. Ол да бастапқы жарна ретінде ескеріледі»,- деді Мұхамеджанов. Басқарма төрағасының мәлімдеуінше, енгізілген өзгерістер арқылы бастапқы тұрғын үй ұғымы кеңейтілген. Енді пәтерлерді тек құрылыс компанияларынан ғана емес, басқа да заңды тұлғалардан (сауда компаниялары) сатып алуға болады. Сонымен бірге, банктердің қарызды субсидиялау туралы өтінішті қарастыру мерзімі бұрынғы алты күннен үш күнге дейін қысқартылған. Айта кетейік, жыл басынан бері «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша ипотекалық қарыздарды субсидиялауға 12,3 млрд теңге болатын 1209 өтінім келіп түскен және оның барлығы дерлік (1180 өтінім) мақұлданған. Келесі жылы бағдарлама арқылы 105 млрд теңге сомасына 7 мың адам ипотекалық қарыз алуға өтінім бере алады. Екінші деңгейлі банктер де Бағдарламаға қатысуға қызығушылық таныта бастады. Бүгінде «Банк ЦентрКредит» АҚ, «Сбербанк» АҚ ЕБ, «Банк ВТБ» АҚ, «АТФ Банк» АҚ, «Нұрбанк» АҚ және «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ (жеке тұрғын үй құрылысын дамыту) қарыз беріп жатыр. Жыл соңына дейін бұл қатарға «Цесна Банк» АҚ қосылуы мүмкін. Ал келесі жылы «Қазақстан Халық Банкі» АҚ, «Forte Bank» АҚ, «Банк Kassa Nova» АҚ , «Tengri Bank» АҚ, «AsiaCredit Bank (АзияКредит Банк)» АҚ, «Qazaq Banki» АҚ Бағдарламаға қатысуды жоспарлап отыр.


Барлық құқықтар қорғалған. inform.kz белсенді сілтемені пайдаланыңыз http://www.inform.kz/kz/bastapky-zharnasyz-da-baspana-aluga-bolady-kik_a3097799

Сiлтеме: http://www.inform.kz/kz/ipotekanyn-molsherlemesi-tomendeui-tiis-ipotekalyk-kompaniya_a3097827

Comments (0)