Ханқорған қалашығы аспан астындағы музейге айналады

Ханқорған қалашығы  аспан астындағы музейге айналады

Оңтүстік Қазақстан облысында еліміздің тарихы мен мәдениеті үшін айрықша маңызы бар сәулет және археология ескерткіштерінің үлкен шоғыры орналасқан.   Тарихымызды түгендеп, тамырымызды танып, білуде халықтың өткен тарихынан нақты мағлұмат беретін археология ескерткіштерінің алар орны да ерекше.

Солардың бірі - Сайрам ауданындағы Ханқорған қалашығы. Таяуда аталған көне қалашықта Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев бастаған бір топ ғалымдар бас қосқан  алқалы жиын өтті. Жиынның мақсаты – Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы  «Қазақстанның киелі жерлері» жобасы бойынша археологиялық тарихи орындарды дамытуды нақтылап, пысықтап алу.

Аталған қалашыққа атбасын бұрған өңір басшысы алдымен төбені аралап көріп, тарихынан сыр шертетін дүниелермен танысты. Мұнан соң Жансейіт Қансейітұлы алқалы жиынды ашып беріп, мәжілістің  маңыздылығына тоқталды.

«Бүгін Ханқорған қалашығын аралап көріп, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын облысымызда жүзеге асыру мақсатында жиналып отырмыз.  Облысымызда есепке алынған тарих пен мәдениет үшін маңызы зор 1281 тарихи-мәдени мұра ескерткіштері бар. Оның ішінде сәулеттік ескерткіштер 218, археология ескерткіштерінің саны 1063-ті құрайды. Осы тарихи орындарымызға кезең- кезеңімен археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізіп, қалпына келтіріуіміз қажет», - деді облыс әкімі.

Өңір басшысының айтуынша, облысымызда туризм саласын дамыту мақсатында жергілікті өңірлер бойынша тарихи орындарды қалпына келтіру үшін арнайы бағдарлама әзірленіп, кезең- кезеңімен іске асырылмақ.  Бірінші кезекте,  Қазығұрт, Ордабасы тауларын, ортағасырлық Отырар, Оқсыз, Сауран, Сидақ, Мәртөбе, Ханқорған қалашықтары, Жуантөбе, Қараспан, Күлтөбе сияқты ежелгі елді мекендерінде археологиялық зерттеу жұмыстары жүргізіліп, қалпына келтіріу жұмыстары қолға алынатын болады. 

«Бұдан бөлек, бүгінде жойылып кеткен археология және сәулет ескерткіштеріне жататын Қошқар ата, Керуен сарай, Созақ ауданындағы Жүсіпбек, Жәкел датқа кесенелерін және тағы басқа да тарихи нысандарды да қалпына келтіру жұмыстарын жүргіземіз», - деді Жансейіт Қансейітұлы.

Оңтүстік Қазақстан облысындағы Ханқорған қалашығы  алдағы уақытта толық археологиялық қазба, реставрация және консервация жұмыстары  жүргізіліп, ашық аспан астындағы музейге айналмақ.

Алқалы жиында Ә. Марғұлан    атындағы  археология    институтының директоры, тарих  ғылымдарының  докторы, академик    Бауыржан  Байтанаев  Ханқорған қалашығына археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу туралы баяндама жасады.

Хан Абылайдың өмірінің соңында ғұмыр кешкен Ханқорған қалашығы Сайрам ауданы Мәдени ауылынан 0,5 шақырым қашықтықта батыс бөлігінде орналасқан. Осыдан бірнеше жыл бұрын Ә. Марғұлан атындағы Архелогиялық инситутының экспедициясы  Ханқорған қалашығында  «Халық тарих толқынында» және «Қазақстанның ежелгі және ортағасырлық тарихы археологиялық зерттеулер тұрғысынан» тақырыбы аясында зерттеу жұмыстарын жүргізіп,  таңғаларлық жаңалық ашқан болатын.   Ғалымдар қалашық ХІ–ХІІІ ғасырларда пайда болған деп болжам жасады.  Қалышық негізгі үш бөліктен тұрады. Олар: Ішкі қамал, Шахиристан және Рабат деп аталады.

«Оңтүстік Қазақстан обылысындағы көне қалалар ортағасырларда Ұлы Жібек жолының бағытындағы сауда мекендері ретінде пайда болғаны мәлім. Сол кездегі барлық қалалардың орталығында міндетті түрде мешіт бой көтергенін байқадық. Бұл моншалар  шамамен Х-ХІІ ғасырларда бой көтерген.  Үлкен қалаларда ондаған моншаларға дейін салынған. Өйткені, қоғамдық құрылыстар қатарында моншалар маңызды орынды иеленген. Мысалға, Отырардың рабадында ХІ-ХІІ ғасырлар аралығында салынған 2 монша табылды.  Осыған ұқсас моншалар Ханқорғанда да бар»,- деді Ә. Марғұлан    атындағы  археология    институтының директоры, тарих  ғылымдарының  докторы, академик    Бауыржан  Байтанаев.

Ғалымның айтуынша, қалашықтағы моншалар шаршы кірпіштерден тұрғызылған.  Олардың қалыңдығы – 90 сантиметрді құрайды. «Қабырғалары төрт қатарға тізбектелген. Өзінің құрылымы, конструкциясы және табылған заттары бойынша ол қалалық моншаға қатты ұқсайды»,-  дейді ғалымдар.    Мұны керамикалық құбырлардан тұратын кәріздендіру жүйесінің, сужинағыштың, жуынуға арналған екі ыдыстың, демалуға арналған бөлменің болуы дәлелдеп отыр.

Мұнан соң сөз алған «Сәулет бюро» КММ-нің директоры Бақытжан Әшірбаев облысымыздағы археологиялық тарихи орындарды қалпына келтіру, абаттандыру  туралы сөз қозғады.

Жалпы,  Оңтүстік Қазақстан облысында негізгі 11 киелі орын бар. Соның бірі – Шымкент қаласынан 35 шақырым қашықтықта орналасқан Қазығұрт тауы. Аталған тау солтүстік шығыстан оңтүстік батысқа қарай 55 шақырымға созылып жатыр. Ортаңғы биіктеу бөлігінің ұзындығы 22 шақырымды құрайды. Ал, ені 10 шақырымға пара-пар.  Ең биік жері жотаның шығыс бөлігінде яғни 1768 метрде орналасқан.

 

Халқымызда «Қазығұрттың басында кеме қалған, Ол әулие болмаса неге қалған?!» деп келетін жыр бар. Бар қазақ мұны естіп өсті. Ежелгі дәуір әдебиетінің інжу-маржаны саналған «Оғызнамада» және араб тілінде жызылған көптеген шығармаларда Қазығұрт тауының аты ерекше аталып өткені мәлім. «Аңыз түбі – ақиқат» деген тәмсілге сүйенсек, Пайғамбар кемесінің Қазығұртта тоқтағанына  сол өңірдегі жер атаулары да нақты  дәлел бола алады.  Мысалы, онда «Пайғамбар тоқтаған», «Пайғамбар саусағы», «Нұх пайғамбардың мешіті», «Әбдірахмат бұлағы», «Ғайып ерен, Қырық шілтен», «Ата тас пен Ана тас», «Ақбура ата», «Көзді ата», «Кеме қалған» секілді әулиелі жерлер мен 300-ден астам бұлақ пен бірнеше үңгірлер бар.

«Алдағы уақытта «Қазығұрт тауының баурайынан демалыс орнын ашып, «Кеме қалған» шыңына дейін аспалы жылжымалы көпір салуды ұсынамыз.  Сондай-ақ, тарихи –этнографиялық кешен құрылысын жүргізіп,   инфрақұрылым мәселесін шешу көзделуде», - дейді  Бақытжан Әшірбаев.

Мұнан бөлек,  Ордабасы ауданындағы «Ордабасы төбе» маңында Төле, Қазыбек, Әйтеке билерге арналған 15-20 метрлік ескерткіш  орнатылмақ. Сонымен бірге «Жоңғар–Қалмақ» шапқыншылығы кезеңін дәріптейтін этноауылды қамтитын тарихи кешен салу және тарихи кешен маңынан сервистік қызмет көрсететін нысандар бой көтеретін болады. 

Ал, Отырартөбе қалашығын тамашалауға келген туристерге  барынша қойлайлы жағдай жасалғалы отыр. Сол арқылы туристерді тарту мақсатында Отырартөбеде жаңа инфрақұрылым салу көзделуде. Атап айтсақ, автотұрақтар, автожолдар мен аяқжолдар, әжетхана, сауда нүктелері, жаяу жүргіншілерге арналған көлеңкелі демалыс орындары бой көтермек.  Бұдан бөлек, археологиялық қазба, реставрация және консервация жұмыстарын жүргізіп, ашық аспан астындағы музейге айналдыру жоспарланып отыр.  

Сонымен қатар, Оқсыз қалашығын турситік маршрутқа енгізу үшін Сырдария өзенінен көпір салу ісі қолға алынбақ. Археологиялық қазба, реставрация және консервация жұмыстары  жүргізіліп, инфрақұрылымы дамытылатын болады. Келешегі бұл қалашық та ашық аспан астындағы мұражайға айналады. Көне Оқсыз қаласы Отырар ауданы Маяқұм ауылының солтүстігінде 9,5 шақырым қашықтықта Сырдария өзеніндегі өткел маңындағы  Ақжар деген жерде орналасқан.

Жиында Түркістан қаласындағы археологиялық ескерткіштердің жай-күйі де талқыланды. Бұл туралы   «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің археология бөлімінің меңгерушісі Марат Тұяқбаев  баяндап берді.   
Жиынды қорытқан облыс әкімі өңіріміздегі тарихи ескерткіштерді қалпына келтіру жөнінде сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.

Ақжол ҚАРАСПАН

 

Comments (0)