Б.Сағынтаев: «Қиын кездерде Қазақстан қырғыз халқымен бірге болып, үнемі көмектесіп келген еді...»

Б.Сағынтаев: «Қиын кездерде Қазақстан қырғыз халқымен бірге болып, үнемі көмектесіп келген еді...»

ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев қырғыз президенті Алмазбек Атамбаевтың Қазақстан туралы айтқан мәлімдемесін арандатушылық деп бағалап, сайлауалды науқан үшін екі ұлттың арасына от салды деп айыптады. Бұл туралы Үкімет басшысының ресми сайтында жазылған.

Еске салайық, 7 қазан күні Бішкекте өткен жиындардың бірінде Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев Қазақстан билігін сынға алған болатын. Ол біздің елдегі жемқорлық жайын сөз қылып, зейнетақы көлемінің төмен екенін айтты. Сондай-ақ, қырғыз президенттігіне үміткер Өмірбек Бабановтың ҚР Президенті Н.Назарбаевтың қабылдауында болғанына да наразылығын білдірді.

Ал, Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, Қазақстанның экономикасы да, халықтың әлеуеті де тұрақты түрде дамып келеді. Тәуелсіздік жылдарында еліміздің экономикасы 20 есеге өскен. Осы 25 жыл ішінде Қазақстанға құйылған шетелдік инвестицияның көлемі 265 млрд долларды құрайды.

«Еліміздің тәуелсіздік жылдарында Қазақстандағы 1,1 миллион отбасы баспаналы болды. Тағы 61 мыңнан астам отбасы өздерінің тұрғын жайларын жақсартты. Жыл сайын орта есеппен 270 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Тұрғындардың өмір сүру ұзақтығы орта есеппен 72,3 жасқа ұлғайып отыр», — еді Қазақстанның Премьер-министрі.

Сондай-ақ, соңғы 15 жылда еліміздегі жалақы мен зейнетақының көлемі 10 есеге дейін өскен. Зейнеткерлік және әлеуметтік қорлар халықаралық қауымдастығының ресми мәліметінше, Қазақстандағы ең төменгі және орташа зейнетақы көлемі Қырғызстанмен салыстырғанда сәйкесінше 5 және 3 есеге көп.

Ел экономикасының тұрақты дамуы мен ЖІӨ-нің өсімі Қазақстанға серіктес елдерге материалдық тұрғыдан көмектесуге мүмкіндік туғызып отыр. Қазақстан 1997 жылдың 8 сәуірінде қол қойылған мәңгілік достық келісімен сәйкес Қырғызстанмен тек бауырластық саясатын ұстанып келеді.

«Сол жылдардан бүгінге дейін Қазақстан қырғыз халқымен бірге болды, қандай қиын кезеңдерде де қолдау білдіріп, қол ұшын беріп келді. Әлеуметтік-экономикалық проблемаларын шешу үшін гуманитарлық көмектер де берді. Оның ішінде энерготасымалдауыштар, азық-түлік пен өзге де қажетті тауарлар бар», — делінген Б.Сағынтаевтың мәлімдемесінде.

Қырғызстанның Еуразиялық экономикалық одаққа кіруіне байланысты Қазақстан президенті бауырлас елге көмек ретінде 100 миллион доллар қаражат берген болатын. Гуманитарлық көмек ретінде бүгінге дейін 20 миллион доллар тағы жолданды. Сондай-ақ, біздің ел Бішкек пен Ошта жалпы білім беретін мектептер салып берді. Қазақстанның Қырғызстан экономикасына құйған инвестициясының көлемі 820 миллион долларды құрайды. Осының нәтижесінде қырғыз азаматтары үшін жаңа жұмыс орындары ашылды.

Өз мәлімдемесінде Бақытжан Сағынтаев Қырғызстан президентінің арандату үшін айтқан сөздері бауырлас қазақ-қырғыз халықтарының арақатынасына сызат түсірмейтінін мәлімдеген.

Comments (0)