Газа секторында қарулы қақтығыс толастар емес

Газа секторында қарулы қақтығыс толастар емес

Газа секторындағы Израиль әскері мен палестьиндік жауынгерлер арасында қарулы қақтығыс толастар емес. Палестиндіктер еврей мемлекетінің аумағын зымырандармен атқыласа, әскерилер оларға әуе соққыларымен жауап қайтарып жатыр.

Күрделі жағдай күннен күнге ушығып барады. Әскери инженерлер Газадан Мысырға қарай қазылған кезекті жерасты жолын тапты. Ол контрабанда мен ХАМАС-қа қару-жарақ жеткізіліп отырған нағыз инженерлік құрылыс екен. Әскер Газа аумағына кірмей, ұшақтармен туннельді бомбалап, жойып жіберген. 

Али Баракех, ХАМАС өкілі: - Бұл оқиғаға сионистік жаудың қатысы бар деп есептейміз. Өйткені Палестинада олардың іс-шараларына және АҚШ президенті Трамптың шешіміне қарсы интифада жалғасып келеді. Жау басып алған Палестинада күресімізді жалғастырамыз деп уәде береміз.  ХАМАС өкілдері ешқандай жерасты жолдарына қатысымыз жоқ және бұл контрабандашылардың салған құрылысы екенін мәлімдеді.

Алайда Газадағы бүкіл тыныс-тіршілік ХАМАС-тың бақылауында екені белгілі. Сәл кейінірек палестиндіктер Израиль аумағын зымырандар мен минометтерден  атқылап, оларға жауап ретінде әскери-әуе күштері лаңкестер нысанына соққы берді. 

Биньямин Нетаньяху, Израиль Премьер-министрі: - Бүгін ЦАХАЛ, Газа секторындағы ХАМАС-тың басты инфрақұрылымын атқылады. Кейбіреулер ЦАХАЛ құм төбелерді атқылады деп жатыр. Алайда бұл өтірік. Біз Израиль мемлекетіне жасалған шабуылға жауап бердік. ХАМАС әрбір қимылдың жауапсыз қалмайтынын түсіну керек. Аймақтағы жағдай ушығып барады. Шекара аумағындағы Израиль қоныстарын атқылау жиілеп кетті, әскер оларды қорғау үшін «Темір күмбез» жүйесін орнатуға мәжбүр болып отыр.

Сарапшылардың пікірінше, «Мызғымас жартас» операциясы көздеген мақсатына жеткен жоқ. Шығындарына қарамастан  ХАМАС әскери әлеуетін күшейтіп келеді. Иордан өзенінің Батыс жағалауында да арабтардың полициямен және әскерилермен қақтығысы үзілмей тұр.

Марк Бабот, әскери сарапшы: - Палестина халқы Израильдің әскери ұйымдарынан қорықпайтын болды. Бұл ұйымдар тәртіпсіздікті тоқтата алмайды, үшінші интифада болатыны анық.

Израиль сарапшыларының болжамынша, Иран елдің қауіпсіздігіне стратегиялық тұрғыдан қатер төндіріп тұр. Бірақ ол шалғайда жатыр. Тікелей әрі үлкен қауіп Газа секторында орналасқан ХАМАС пен басқа да лаңкестік ұйымдардан төніп тұр. Осы аймақта тұратын 2 миллионға жуық тұрғынның тұрмысы өте нашар, секторды соғыстан кейін қалпына келтіруге қаражат тапшы. Ал халықтың наразылығын өзге жаққа бұру үшін ХАМАС-тың жағдайды одан әрі шиеленістіре түсуі де ықтимал. 

Дереккөзі: 24.kz

Comments (0)