XXI ғасырда жаһанданудың желі шығыстан соғады

XXI ғасырда жаһанданудың желі шығыстан соғады

2018 жылы 11 наурызда Қытай депутаттары жабық дауыс беріп, Конституцияға өзгерту қабылдады. 

ҚХР БХӨЖ (Бүкілқытайлық халық өкілдерінің жиналысы) 13-шақырылымы 1-сессиясында Конституцияда қатталған иероглифтер соңғы 14 жылда қайта қаралды.

Атақты реформатор Дэн Сяопин кезінде «тао гуан ян хуэй, ю суо цзо вэй»(өз мүмкіндігін жасыру) принципін ұстанған Қытай жаңа дәуірде саяси-экономикалық амбицияларын ашық жариялай бастады. Айдаһар-мемлекет қазір АҚШ-тан кейінгі екінші экономика, әскери бюджеті 2011-2018 жж. 8,1%-ға өсіп, 175 млрд. долларға жетті. Енді Шын елі ақпараттық-технологиялық дамуға шындап кірісті. ҚХР ЖІӨ 30%-ын немесе 3,4 трлн $ цифрлық экономика құраған.  

Ал, Қытай сияқты алпауыттың Басты заңын түзету ішкі саяси реформа ғана емес, халықаралық қатынастар жүйесіне ықпал ететін оқиға. Қолданыстағы Конституция 1982 жылы бекітіліп, әлеуметтік-экономикалық модернизациямен қатар бес жыл сайын түзетіліп отырған. Осы кезеңдегі конституциялық реформа экономикалық сипатта болды. ҚКП ОК соңғы ұсыныстары ҚХР мемлекеттік басқару саласындағы жүйелі бетбұрыс деп есептейміз. Өйткені, Қытайдағы кез-келген шешімнің он рет өлшеніп, бір рет кесілетіні бесенеден белгілі. Төраға Си Цзиньпин «Қытай Конституциясының кейбір бөлігін қайта қарастыру – мемлекет өміріндегі айтулы оқиға, жаңа дәуірдегі қытайлық ерекшелігі бар социализмді іске асыруда ҚКП ОК қабылдаған маңызды шешім» деп атап өтті. 

2018 жылы 25 ақпанда «Синьхуа» агенттігінде жарияланған 21 ұсыныстың ішінде халықаралық қауымдастық ҚХР Конституциясының 79-бабы, 3-тармағына ерекше назар аударды. Осы тармақта «ҚХР Төрағасы мен Төраға орынбасарының өкілеттік мерзімі ҚХР БХӨЖ өкілеттігімен бірдей, қатарынан екі мерзімнен аспайды» деп жазылса, жаңа редакцияда «ҚХР Төрағасы мен Төраға орынбасарының өкілеттік мерзімі ҚХР БХӨЖ өкілеттігімен бірдей болады» делінген. Яғни, қос мерзімдік шектеу алынып тасталады. ҚХР басшыларының өкілеттілігі Дэн Сяопиннен кейін тұңғыш рет «нысанаға» алынып отыр. Қарапайым есепке салсаңыз, Си Цзиньпин 2023-жылдан кейін төрағалық қызметін заңға сәйкес жалғастыра алады. Қытай Конституциясындағы басқа түзетулердің мазмұны төмендегідей:

-                     Кіріспе, 7 тарау. Қытай халқы марксизм-ленинизм, Мао Цзэдун идеялары, Дэн Сяопин теориялары, «үш өкілдік»(三个代表) идеясымен қоса, дамудың ғылыми концепциясы және Төраға Си Цзиньпиннің Жаңа дәуірдегі қытайлық ерекшелігі бар социализм туралы идеяларын басшылыққа алатыны айқындалды. Яғни, Мао Цзэдун мен Дэн Сяопиннен кейін Си Цзиньпиннің есімі мен ой-идеялары Конституцияға қосылады. «Үш өкілдік» идеясы қойылғанымен, Цзян Цземин, Ху Цзиньтаоның есімдері мемлекеттік құжаттан орын алмаған еді. ҚХР Төрағасы, ҚКП ОК Бас хатшысы, Орталық Әскери кеңестің Төрағасы Си Цзиньпиннің Конституцияда таңбалануы партиядағы ғана емес, мемлекеттегі билігінің түбегейлі күшейетінін көрсетеді.  

-                     Кіріспе, 10-тарау. Қытай ұлтының ұлы өрлеуіне (中华民族伟大复兴) еңбек еткен патриоттардың есімдері бірегей патриоттық фронтқа қосылады. Яғни, социалистік модернизацияға үлес қосқан барлық демократиялық партиялар, халықтық ұйымдар мен социализм құрылысшыларының есімдері ұлықталады. Осылайша, ҚХР басшылығы социалистік құрылыстың дұрыс бағытта келе жатқанын растап, қытайлық ерекшелігі бар социализмді нығайтуды табанды жалғастырады.

-                     Кіріспе, 12-тарауы. «Адамзаттың тағдыры ортақ қауымдастығын құру» (人类命运共同体) идеясын қосу ұсынылды. Бұл Қытайдың жаңа жаһандық ықпалдасу концепциясы.  ҚХР басшылығы сауда-экономикалық, энергетикалық, дипломатиялық байланыстарда «бейбіт қатар даму», «өзара пайда жеткізу», «жеңіске бірге жету» принциптерін ұстанатынан жариялады. «Бір белдеу – бір жол» инициативасы да осы мақсатты ұстанатыны жиі айтылады. Өйткені, әскери бюджеті мен экономикалық ықпалының артуына орай алыс-жақын елдерде алаңдаушылық туындап отыр. Бұл – халықаралық қауымдастық сенімін орнықтырып, Қытайдың оң имиджін қалыптастыруға арналған қадам.

-                     1-бап, 2-тармағы. «ҚКП жетекші рөлі қытайлық ерекшелігі бар социализмнің айқын сипаты» деп көрсетіліп, ҚКП мемлекеттік биліктегі орнына басымдық берілді. ҚКП ОК – Қытайдағы ең жоғарғы мемлекеттік орган. Тәртіпті тексеру жөніндегі Орталық комиссия, Орталық әскери кеңес сынды маңызды органдар Орталық комитетке бағынышты болғандықтан, оның мемлекеттік биліктегі жетекші рөлі сөзсіз артады. «Синьхуа» мәліметі бойынша 2016 жылдың соңында ҚКП мүшелері 89 млн. 447 мыңға жеткен. Египет, Вьетнам халқының санымен шамалас. Коммунистік партия мүшелерінің өсімі 2016 жылмен салыстырғанда 0,3%-ға түскен екен. Сондықтан партия мүшелерінің саны мен сапасын арттыру көзделіп отыр.

-                     4-бап, 1-тармағы. Алдыңғы нұсқада «Ұлттар арасындағы социалистік теңдік, бірлік және өзара көмек қатынастары орнатылды және нығаяды» деп берілсе, жаңа редакцияда «Ұлттар арасындағы социалистік теңдік, бірлік және өзара көмек пен гармониялық қатынастар орнатылды және нығаяды» деп көрсетілген. Ху Цзиньтао ұсынған «гармониялық қоғам» өзектілігін жоғалтпай, қытайдың ұлттар саясатын іске асыруда өзекті идеяға айналуда. Қытай алдағы уақытта 55 «shao shu min zu», яғни аз ұлттарға қатысты саясатын жаңа сипатқа көшіретіні белгілі.

Жалпы, ҚХР құрылған уақыттан әр кезеңдегі төрағаларының өзіндік басқару ерекшелігі бар. Мао Цзедун – республиканы құру мен мәдени революция, Дэн Сяопин – реформалар және ашықтық саясаты, Цзян Цзэмин – тұрақтылық пен даму, Ху Цзиньтао – гармониялық қоғам құруды алға қойса, Си Цзиньпин «Жаңа дәуірдегі қытайлық ерекшелігі бар социализмді» іске асыруға белсенді кірісті. Қытай арманы әлем арманымен қаншалықты үйлесетіні маңызды сұрақ болмақ. Қытайлық ерекшелігі бар демократия мен батыстық демократия үйлесім таба ма? Қалай болғанда Си Цзиньпиннің ішкі және сыртқы саясаттағы жобалары ұзақ мерзімді және ауқымды. Сондықтан алдағы кезеңге келесідей болжамдар жасауға болады:

Біріншіден, Си Цзиньпин 2012 жылы бастаған «жолбарысты соғу, шыбынды қағу(打虎拍蝇) антикоррупциялық кампаниясы аяқталған жоқ. Жазалау функциясын атқарған ҚКП Тәртіпті бақылау комиссиясы арқылы партия қатары тазартылып, 1 млн. 300 мыңнан астам адам жазаланды. Конституциялық өзгертулерге сәйкес, Тексеру комиссиясы Қытай Парламентіне бағынышты жеке мемлекеттік орган ретінде құрылады. Ендігі кезекте жемқорлықпен күрес акциясы жалпымемлекеттік масштабта жүзеге асады деген сөз. Сонымен қоса, мемлекеттік қызметкер жұмысқа қабылданған уақытта жаңа Конституцияға адалдық антын қабылдайтын болады.

Екіншіден, 2013 жылы Си Цзиньпин ұсынған «Бір белдеу – бір жол» инициативасы – көлемді инфрақұрылымдық жобаға айналуда. 2017 жылдың қаңтар-қараша аралығында Қытай кәсіпорындры «Белдеу мен жол» бойындағы 59 елге 12,37 млрд $ тікелей инвестиция салған.  Қазірге дейін 65 мемлекет қолдап, 600 млрд инвестиция құйылды, Азия инфрақұрылымдық банкі құрылды. Қытайдың ішінде осы инициативаның шығынына қатысты сын-пікірлер де жоқ емес. Бірақ Қытай инициатива арқылы жаңа имиджі мен беделін орнатуда. XXI ғасырда жаһанданудың желі шығыстан соғады  дейтін болсақ, ол «Белдеу мен жол» арқылы іске асады. Жобаның алғашқы жемісін көру үшін 5 жыл жеткіліксіз болуы ықтимал. Сондықтан Си Цзиньпин инициативаның архитекторы ретінде оның табысты орындалуына ары қарай күш салады.

 Үшіншіден, Қытай 2023 жылы ҚКП 100 жылдығы, 2049 жылы ҚХР-дың 100 жылдығына орай мемлекеттің социалистік модернизация жоспарын белгіледі. Мәселен, 2020 жылы орташа дәулетті қоғам құру, 2020-2035, 2035-2050 жылдары социалистік модернизацияланған заманауи держава құру межесін қойды. «Сяокаң» қоғамын құрып алған соң, Қытай аймақтық және жаһандық саясатта өз мақсат-мүддесін батыл қорғайтын державаға айналады.  Ескіден мысал келтіріп отыратын ҚХР Төрағасы ҚКП 19-Съезінде «行百里者半九十» (xing bai li zhe ban jiu shi) деген қанатты сөз айтты. Мағынасы -  «Жүзден тоқсан ли жүріп өтсең де, жолдың жартысы деп есепте». Сондықтан, Қытай Төрағасы «бір мемлекет – екі жүйе» курсын берік ұстанып, Қытайдың қайта бейбіт қосылуын қамтамасыз ету, Батыс және Шығыс өңірлердің дамуын теңдестіру, халықаралық саясаттағы амбициясын нығайтуға басымдық беретін болады.

 

Олжас БЕЙСЕНБАЕВ,

Шығыстанушы

 

 

 

Comments (0)