«Shymkent City» жобасы заманауи талаптармен толығады

28 Сәуір, 2018 397 1

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаевтың төрағалық етуімен Қала құрылысы Кеңесінің отырысы өтті. Онда Шымкент қаласында іске асырылғалы жатқан «Shymkent City» іскерлік және тұрғын үй кешенінің жобасы талқыланды. Яғни, жаңадан бой көтеретін қалашықтың концепциясына бірқатар өзгертулер мен толықтырулар енгізу жайы сөз болды.

Жиында аймақ басшысы Шымкент қаласында халық санының өсімін ескере отырып, «Shymkent City» жобасының кейбір тұстарын қайта қарап шығу керек екенін айтты.

«Елбасының назарындағы бұл жобаның кей тұстарына түзетулер енгізу керек деп ойлаймын. Шымкент еліміздегі үшінші мегаполис болғандықтан мұнда демографиялық өсім қарқынды. Ал, болшақта халық саны еселеп артатынын ескерсек, қалада көлікпен жүріп тұру айтарлықтай мәселеге айналары сөзсіз. Сондықтан жаңа қалашықта автотұрақтар жеткілікті болуын, сондай-ақ көлік тығынын болдырмау жолдарын қазірден ойлау керек. Тиісті сала мамандарына осы мәселені қайта қарап шығуды тапсырамын», – деді Жансейіт Түймебаев.

Жиынға қатысқан жауаптылар аймақ басшысының ұсыныстарына қолдау білдіріп, алда атқарылатын шаруаларымен таныстырды.

Жоба авторлары ұсынған соңғы нұсқа бойынша жалпы аумағы 65,5 гектарды құрайтын «Shymkent City» кешенінде 6762 орынға шақталған автұрақ болады деп жоспарлаған. Жалпы саны 5554 пәтерді құрайтын 18 қабатқа дейінгі көп қабатты тұрғын үйлер бой көтереді. Сондай-ақ, заманауи үлгідегі сәулетті мектептер, спорт кешені, ойынсауық орталықтары және де әлеуметтік нысандар салынады.

Айта кетейік, «Shymkent City» қалашығы шаһардың солтүстік аймағында, Бәйдібек би ескерткішінің маңында салынуда. Аудан заманауи инфрақұрылымымен, тұрмыста, бизнесті бастауда қолайлы жағдайымен және ең жоғары қала құрылысы мен сәулеті жағынан ерекшеленеді. Аталған жоба Шымкенттің 2020 жылға дейінгі даму тұжырымдамасы аясында іске асырылуда.

Тегтер: сауранбаев, ақылдықала, түймебаев, шымқала, шымкент

Пікір қалдыру

Арман 29 Сәуір, 2018

Жаксы жаналык