Ақтөбедегі 280 лифтінің пайдалану мерзімі өткен

03 Мамыр, 2018 28 0

Ақтөбе облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасы Ақтөбе қаласындағы ескі лифтілердің жартысына жуығының қызметін тоқтатты. Басқарманың бөлім басшысы Самат Лепесовтің айтуынша, қаладағы 280 лифтінің пайдалану мерзімі өткен. Сондықтан ескі лифтілердің жартысына жуығы нұсқауымен тоқтатылды.

- Кешенді тексеруде Ақтөбеде 25 жылдан астам қолданыста болған 280 лифт барын анықтады. Олардың бірде-біреуінің техникалық құжаты жоқ. Қосалқы бөлшектері жаңартылып, өзге де олқылықтары жөнделмейінше, ескі лифтілерді пайдалануға рұқсат берілмейді, - дейді Самат Лепесов.

Ақтөбе облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасы қала аумағындағы лифтілерді осы жылғы сәуірдің 4-і күні жергілікті телеарна журналисі Айзат Әбдісамат ескі лифтіде қаза болғаннан кейін тексере бастаған. Қайғылы оқиға Ақтөбе қаласы 12-ықшамауданындағы №19 он қабатты үйдің 2-подъезінде сәуірдің 4-і күні кешкі сағат тоғыз шамасында болған. Үйдің алтыншы қабатында тұратын жергілікті телеарна журналисі Айзат Әбдісамат лифтіге кірген кезде аяқ астынан ажал құшқан. Самат Лепесов Айзат Әбдісаматтың ажалына себепкер болған лифтінің әлі де тоқтап тұрғанын айтады. Лепесов "Ол лифтіге қатысты мәліметтерді тергеу жүріп жатқандықтан жариялай алмаймын" дейді.

Ақтөбе облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының мәліметінше, қала бойынша көпқабатты ғимараттарда 372 лифт тіркелген.

Тегтер: ақтөбе, лифт, уақыт

Пікір қалдыру