Шығыс Қазақиядағы қазақ интеллигенциясының қалыптасу тарихы

05 Мамыр, 2018 400 0

Дербес ел тәуелсіз мемлекет ретінде "қытай қазағы" дейтін ұғымды қайта пысықтап зерттеп көрудің жаңа кезеңі басталуы керек деп есептеймін. Қытай қазақтарының 20- ғасыр басындағы ояну кезеңі әлі күнге дейін толық зерттелген жоқ. Оның ішінде мемлекет деңгейіндегі тұлғалар туралы жекелеген зерттеулер тіптен кемшіл. 
Шығыс Қазақиядағы қазақ интеллигенциясының қалыптасуында үш үлкен ықпалды айтпай кету мүмкін емес:

Бірінші, 20-ғасыр басына дейінгі дәстүрлі исламдық рухани мектеп (қадимдық мешіт-медреселер);

Екіншісі, 20-ғасыр басындағы Шығыс Қазақияның жәдиттік рухани қозғалысы (жәдиттік ағарту, пікір-талас, тб);

Үшіншісі, Орыс-Татар арқылы енген Еуропа өркениетінің ықпал етуі немесе Манжу-Қытай арқылы шығыс руханиятымен танысу;

Осы үш ықпалдың әуелгісі исламдық жаңғыруды өз ішінен "Қазан, Уфаның рухани ықпалы", "Бұхара-Көкілташ ықпалы" және "Осыманлы руханиятының ықпалы" деп үш бөлікпен жеке жеке талдау жасауға болады. 
Ал, екіншісі Жәдиттік кезеңді "жәдиттік медресе (діни)", "жәдиттік мектеп (дүниеуи)" және "жәдиттік таным (пікір-талас)" деп үш бөлікпен бүге шігесіне дейін талдау жасауға болады. Бұның ішінде жәдиттік таным пікір-талас кезеңін де 30- жылдардағы Шығыс Қазақияда жарық көрген қазақтың төл баспасөзіндегі ғылми-танымдық пікір таласпен анықтап айтып беруге болады.

Орыс-Татар арқылы енген Еуропа өркениетінің ықпалын екі кезеңге бөліп қарастыруға болады. Бірі, Патшалық Ресей кезеңінде Шығыс Қазақияға пана іздеп ауған орыстар мен татар игі-жақсыларының ала барған рухани, мәдени және танымдық ықпалы; Екіншісі, Патшалық Ресей мен Сәбет одағының тіке саяси, мәдени һам рухани ықпалы. Осы тұстың өзін ҮШ бөлуге болады: Бірі, Патшалық Ресейдің Орынбор мүфтилігі арқылы жасаған ықпалы. Екіншісі, Алаш кезіндегі мемлекеттік қарарлар. Үшіншісі, Қазақ СССР кезеңіндегі Орынбор-Қызылорда-Алматы ордасының саяси ықпалы. Ал, бұларды ішкерлей жіктесек категориялар шұбырып жіктеле береді...

Манжур, Қытай арқылы күншығыс руханиятымен танысу кезеңін үш үлкен санатқа бөліп қарастыруға болады:

Біріншісі, Манжур кезеңіндегі Шуетаң оқуылдары (мектеп);

Екіншісі, Демократ қытай дәуірінің ЖОО-дары және әскери, саяси инситуттардың ықпалы;

Үшіншісі, Біріккен Қазақ-Моңғол Оқуылдары (мектеп/Шуетаң);

Бұл жердегі "Манжу шуетаң" оқуылдарын анықтап айтсақ 1912-жылға дейінгі Манжу ақсүйек тұқымдары үшін арнайы ашылған оқу орны туралы баяндалады. Ал, демократ қытай дәуіріндегі жоғары оқу орны (жоо) деп оны екі түрге айыруға болады. Бірі, ішкі қытайдағы әскери, саяси институттар және одан оқу бітірген қазақтар. Екіншісі, Үрімжі (ол кезде Дихуа дейтін) қаласындағы қытайдың жоғары оқу орындары және ондағы оқу ордасынан оқу бітірген қазақтар. 
Біріккен Қазақ-Моңғол Оқуылы (мектебі), бұл оқу ордасы туралы Қазақ елінде толық зерттелген жоқ. Бұл оқуыл- Шығыс Қазақияның мәдени, саяси интеллегицсиясын ұядан ұшырған білім ордасы.

Шығыс Қазақия дербес мемлекет бола алмаса да мемлекетке тән құрлымдарға дайын болды. Мәскеу, Қазақ СССР-дың күншығысында тәуелсіз Қазақ мемлекетінің орнығуын мүлде қаламады және Моңғолия, Қытай сияқты өзіне жақтас елдермен бірлесіп оның ұлғайып келе жатқан ұлттық негізін жойып, тамырына балта шапты. Дербес ел болмаса да дербес өмір сүре алған Шығыс Қазақияның саяси, мәдени және рухани интеллигенциясымен тап тинақтай толық танысуыңыз алыс емес деп үміттенемін. 
Есіңізде болса осы парақшамда Хуаң Фу әскери мектебінде (сол дәуірдің он ірі әскери мектебі) оқыған қазақтар туралы баяндағамын...

Елдес ОРДА-ның фейсбук парақшасынан алынды
04.05.2018

*Ескерту: Оқуыл- Мектеп деген сөз. Жасауыл, Жортуыл, Бақауыл, Қарауыл, Айдауыл, Тінтуір, Шымшуыр, тб

Тегтер: шығыстүркістан, қазақия, мақала, елдесорда

Пікір қалдыру