Генерал Жекейдің қандастарға хаты жарияланды

08 Мамыр, 2018 2222 0

Жуырда фейсбук әлеуметтік желісінде генерал Халидолда Жекейдің қандастарға хаты жарияланды. Аталған хат мәтінін танымал журналист және тарихшы Бекен Қайратұлы жариялады. Осыған орай, NewsRoom+ порталы аталған хат мәтінін өзгеріссіз көшіріп басуды ұйғарып отыр.

Ескерту түпнұсқаның пунктуациясы мен орфографиясы сақталған.  

ГЕНЕРАЛ ЖЕКЕЙДІҢ ҚАНДАСТАРҒА ХАТЫ

Баянөлгейліктер және барлық қандастарға дұғай сәлем!

Ассалаумағалейкум қымбатты жерлес аға-бауыр, туған-туыс, жекжат-жұрағат, қандастар және моңғол ағайындар! 
Он ойланына, тоғыз толғана келе, мен сіздерге сәлем хат жолдап отырмын! Құрметті аймақ халқы сіздердің арқаларыңызда екі дүркін Ұлы Құрылтай мүшелігіне сайланып, "бригада генералы" шеніне қол жеткіздім. Атақты ақын Жамбыл "халық менің - шын атым" дегеніндей, сіздердің жақсылықтарыңыз бен шынайы ықыластарыңызды көрген бір адам болса ол менмін. Сіздердің бұл игіліктеріңізді басым аман, денім сау жүргенде ешқашан ұмытпаймын. Атамыз қазақ: "Жақсылық жерде қалмайды, иман отқа жанбайды" деуші еді ғой. Осы сөздің өмірдегі растығын, ақиқатын сезінген жанның бірі мына мен боламын.
Қымбатты жерлестер! Бәрін айта та, бірін айт. Адамның басына Алла жазған тағдыр-талайы болады. Ол тағдырыңыз менің пешенеме "генерал" болуды жазған екен. Сіздер ойламасыңдар: бұл шен маған оп-оңай келе қалған екен деп. Бұл ұзақ жылғы ұйқы-күлкісіз күндер мен түнді-күнге жалғаған тынымсыз еңбектің арқасы. Оны әскер сапында болған, әсіресе шекара қызметінде міндетін атқараған азаматтар жақсы біледі. 
Осы орайда, айта кетерлік дүние: өткен ғасырдың 30-шы жылдарынан бастап, Моңғолияның күш құрылымдарында қызмет атқарған ата-ағалар болды. Тіпті менен де мықты, менен де қайраткер тұлғалар болды. Майдан өтінде қан кешкен жерлестер қаншама. Дейтұрғанмен, осы абыройлы атақ менің жеке басыма бұйыруы, біріншіден, алдыңғы өткен ата-ағалардың жанкешті еңбегі, екіншіден, мені туған халқымның беделі деп білемін.
Өйткені, мені тәрбиелеген, маған азаматтық көзқарас қалыптастырған, ұят пен намыстың не екенін үйреткен сіздерсіздер. Сөйтіп маған мәрбебелі атақ бұйырған сәтте ғұмырымда ұмытылмас сый-құрмет көрсеттіңіздер! Осы үшін барлық халқыма қайталап рахмет айтамын.

Қазіргі таңда атамекен Қазақстан елінде өмір сүріп жатырмын. Бұл менің азамат ретіндегі жеке таңдауым деп түсініңіздер. Сондықтан да соңғы кездері мен туралы ақпарат көздерінде айтылып, жазылып жатқан пікірлерге түйін ретінде бір ауыз сөз айтқанды дұрыс көріп отырмын. Себебі, мені білетін, маған тілектес жеке басымды ардақтаған көптеген адамдар жоғарыдағы ақпараттарда жарияланған дүниелерге жауап беріп, шынайы ақиқатты халыққа жеткізуімді өтінді. Шәкірім Құдайбердіұлы дейтін атамыз "Шыннан өзге құдай жоқ" депті. Осы кісі айтқандай, менің айтарым мынау:

1. Әуелі айтарым: ақпарат сөздерінде айтылған "жеп кетті, ішіп кетті" немесе "құқық қорғау орғандарының тексеру барсында шетке қашыпты" т.б. сөздер түбірмен жалған. Алда-жалда бұндай жалалардың шындыққа үлесі болса, заң құқық қорғау орындары айтар еді ғой. Сонымен қатар кейбір азаматтар мені "Қазақстанның қауіпсіздік мекемелерінде қызмет атқарып жүр" деген сыңайлы өсек таратуда. Бұл да жалған!

2. Келесі жала "сатқын екен, тыңшылық жасапты" дегенге келсек, "су ішкен құдығыңа түкірме" дегендей моңғол еліне оның қауіпсіздігіне менен бастап, бұрын-соңды Қазақстанға қоныс аударып, өмір сүріп жатқан мыңдаған қандастармыздың ешқайсысында ондай дүние жоқ, болуы да мүмкін емес. Өйткені, екі еларалық ешбір жаулық көзқарас және саяси текетірес болған емес. Осындай жағдайда "сатқындық, тыңшылық" дейтін миф партиялық немесе басқадай көзкқарастық жіктен болып айтылып жүрген "ертегі" ғана.

3. Сіздер біліп отырсыздар жуықта Моңғолия президентінің үкімімен заңда көрсетілген тармақ бойынша "азаматтығын ауыстырғаны үшін шені қайтарылсын!" делінген. Мен оны түсіністікпен қабылдадым. Бірақта, тарихта өзіндік орын алғаныма да шүкір етем!.

4. Қоныс аударуыма басты себеп, менің әскери адам ретіндегі қызметіме нүкте қойылды. 2013 жылы басында зейнеткерлікке шықтым. Бұған дейін әскери салада ұйқы-күліксіз 37 жыл міндет атқарыппын. Тіпті ағайын-туыспен бірге жүріп, ыстық-суығын бірге көрмей өмірім өтіпті. Оның сыртында өсіп-өніп оқып-тоқып жатқан ұрпағым тағдыры да алаңдатпай қоймады. Осының бәрін саралай-сараптай шешім қабылдадым.

Құрметті жерлестер, аға-бауыр, туған-туыс, жекжат-жұрағаттар қандастар және де моңғол ағайындар! Қайталап айтам, сіздерге және монғолдың барша халқына өкпем жоқ. Дүние бүгінмен шектеліп қалмайды, Абай атамыз айтқандай "Дүние деген соққан жел, өмір деген көшкен ел". Моңғол елі аман болса, қандастарымыз арасынан талай тарлан, талай мықты, әлемді аузына қарататын ұл мен қыздар туады. Мен осыған бек сенемін. Расын айтсам, Моңғол елінің біздерге деген кеңпейілді көзқарасы мені осындай оптимистік сенімге жетелейді.

Құрметті моңғол халқы, бай-өлкелік жерлестер мен сіздерге шын жүректен амандық тілеймін. Моңғол елінің көк аспаны мәңгі ашық болып, әлемдік саяси аренадағы беделі артып, әлем қауымдастығы алдында достық-бейбітшілікті сақтаған қатынасы арта берсін!

Ізгі ниетпен:
Бұрынғы екі мәрте Моңғолия Ұлы Құрылтай мүшесі, Әділет және құқық жөніндегі тұрақты комитет төрағасы, әскер ғылымдарының доқторы, профессор, бригада генералы Халидолда Жекей

Тегтер: халидолда, жекей, генерал, хат, мәтін, бекенқайратұлы

Пікір қалдыру