Қосшы Астанаға қосыла ма?

12 Мамыр, 2018 221 0

Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин елорданың іргесіндегі Қосшы ауылын Астанаға қосу туралы сұраққа жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісіне сілтеме жасаған NewsRoom+.

«Қосшының географиялық мәртебесі туралы айтар болсам... Бұл сұрақ маған жиі қойылады. Әсіресе, оны қосшылық тұрғындар көп қойған болатын. Барлық әлем астаналарының маңында астана аумағына кірмейтін, бірақ оған жақын облысқа қарайтын пунктер бар. Егер Қосшы бүгін Астанаға қосылып кетсе, онда ертең дәл осындай мәселені алға тартып, Қоянды, Талапкер, Қараөткел ауылдарының тұрғындары да, «Бізді Астанаға қосыңдар» деп шығады. Міне, осы логистикалық тізбекті жалғастыра беріп, бүкіл мемлекет бір Астана болғанын қалайсыз ба? Ол мүмкін емес. Мұнда тіпті логика жоқ. Сондықтан, бұл мәселе бізде ғана емес, бәрінде бар», - деді әкім бүгінгі баспасөз мәслихатында. Оның айтуынша, Қосшы тұрғындары Астанаға қосылсақ, өмір сүру жағдайы жақсарып кетеді деп ойлайды. «Мен сіздерге айтайын - олай емес. Астанаға тиіп жатқан Целиноград ауданы облыстық және республикалық бюджеттен алатын субвенция бойынша Ақмола облысында бірінші орында тұр. Демек, Целиноград ауданының бір тұрғыны Көкшетау, Степнагорск немесе өзге де ауданнан гөрі көп ақша алады. Осы талдауды жалғастырайын. Целиноградтық бір тұрғын астаналық бір тұрғынмен салыстырғанда қанша алатынын салыстырып көрейін. Егер целиноградтық тұрғыны айтарлықтай аз немесе көп алмаса таңғалмаймын. Қала шетіндегі аумақтарды дамыту кешені бар. Ол 2011 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Көптеген шаралар қолға алынуда», - дейді ол. Мәлік Мырзалин бағдарлама жалғасқанымен, өмір өзгеріп келе жатқанын тілге тиек етті. «Үкімет 2011 жылы осы бағдарламаны қолға алғанда статистика бойынша қала шетіндегі 34 елдімекенде 48 мың адам тұрған. Ал қазір 150 мыңға жуық адам бар. Демек, өсім ерекше. Әлбетте, сондықтан, бәрін де бірден жасауға үлгермей жатырмыз. Осыны назарға алу керек», - деп түйді Мәлік Мырзалин.   


Автор: Аян Бекенұлы

Тегтер: мәлікмырзалин, қосшы, ақмола, ауыл, астана, жаңалықтар, қазақстан

Пікір қалдыру