Өзбекстан Президентінің баспасөз хатшысы жайлы не білеміз?

19 Мамыр, 2018 1192 0

Жуырда Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевтің АҚШ-та ең бірінші ресми сапары өтті.15-17 мамыр аралығында Вашингтонда екі тарап түрлі маңызды құжаттарға қол қойды. Біздің айтпағымыз бұл емес.

Өзбекстан басшысының Вашигтонға сапары барысында журналистер алдына шығып, оның жұмыс жоспарын жеткізген баспасөз хатшысы Комил Алламжонов жұртшылық назарын өзіне аударды. Көрші елдің саяси өмірінде бұрын-соңды мұндай құбылыс болмағандықтан, оған деген де қызығушылық осы оқиғадан соң күрт көбейді және интернет кеңістіктегі іздеу жүйесі де айтарлықтай артты 

Шавкат Миромонұлының АҚШ-қа сапарын Инстаграм әлеуметтік желісіндегі өз парақшасы арқылы жариялап және оны ақылы жарнамаға қойған К.Алламжоновтың кім екендігі бізді де қызықтыра түсті. Ең әуелі Инстаграмдағы парақшасына үңілдік. 77 пост жариялаған. 50 мыңнан астам оқырманы бар. Арнайы верификацияланған.

Интернеттегі ашық деректерге сүйенсек, Комил Исмоилұлы 1984 жылдың 18 қыркүйегінде Ташкент қаласында дүниеге келген. Әкесі Исмоил Шакир-Кориевтың мамандығы – автослесарь. Анасы – Гулнора Шакир-Кориева Ташкент қаласындағы 3 перзентханада аға медбике.

2006 жылы Ташкент қаласындағы Өнер және мәдениет институтын бітірген Комил Алломжонов еңбек жолын Өзбекстан ТЖМ баспасөз қызметінде бастаған. 2004-2013 жылдар аралығында Мемлекеттік салық комитетінің баспасөз қызметінде бас маман, баспасөз қызметінің жетекшісі, МСК Төрағасының баспасөз хатшысы - ақпарат қызметінің жетекшісі лауазымдарын атқарған. «Алтын қалам» сыйлығының иегері және «Өзбекстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» медальмен марапатталған.

2017 жылдың 4 желтоқсанынан бастап, Өзбекстан Президентінің баспасөз хатшысы және Өзбекстан Президенті Атқарушы аппарат жетекшісінің орынбасары лауазымына тағайындалған.

Президенттің осыған дейінгі баспасөз хатшысы Асаджон Хаджаев елдегі ең ірі «Шарк Тароналари» музыкалық фестивалін жеткілікті дәрежеде насихаттай алмағаны үшін орнын босатқан еді.

Тегтер: шавкатмирзиёев, комилалламжонов, өзбекстан, ташкент

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.