800 адамға ауызашар ұйымдастырған азамат

20 Мамыр, 2018 1552 1

2018 жылы келіп жеткен кезекті рамазан айын әрбір мұсылман баласы асыға күткені анық. Бүкіл әлемдегі мұсылман қауымының нәпсісін тиып, бай мен кедейді, жоқ пен барды теңестіретін қасиетті айда ауызашар берудің сауабы мол.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мамандарының айтуынша, ауыз ашар берудің сауабы өте мол. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Аузы берік жанды ауызашарға шақырып тамақ берген кісі – ораза ұстаған адамның алатынындай сауап алады. Аузы берік адамның сауабынан да еш нәрсе кемімейді», деген.

Сондықтан болса керек Астана қаласындағы «Әзірет Сұлтан» мешітінде 800 адамның басын қосып, ауызашар берген белгілі филантроп, профессор Оралбек Ботбайдың игілікті ісін айтпай қала алмадық. Мешіт ғимаратындағы «Мумтаз» мейрамханасы да биылғы рамазан айына зор дайындықпен кіріскен екен. Қарапайым қасық-шанышқыдан бастап, орындық-үстелдерге дейін де түгел жаңартылып, мүбәрак айға мұнтаздай таза қалпында аяқ басыпты.

Осы орайда, аталған істің басы-қасында жүрген Оралбек Қожамжарұлының өзімен хабарласуды жөн көрдік. «Әр жыл ораза айында ауызашар беру дәстүріме енген. Өзім де ораза ұстауға ниеттенгеніммен денсаулық жағдайы бар, оның үстіне кәсіпкерлік саласында күндіз-түні жол үстінде жүргендіктен биыл ауыз бекіте алмадым. Алайда, жан-жүрегіммен хақ діннің бес парызының бірін орындаған мұсылман бауырларды қолдаймын. Осындай қасиетті айда әрбір табысты жан ауызашар беріп, міскіндерден садақасын аямаса екен деймін» - деді ол.

Айта кететін жайт, интернеттегі ақпарат кеңістіктерінен байқағанымыздай Оралбек Қожамжарұлы былтыр Мәскеу қаласында оқып жатқан қазақ студенттерінің басын қосып, ауызашар өткізіпті. Өзінен сұрағанымызда, жартымды жауап ести алмадық.

Биыл да түрлі қайырымдылық шараларын ұйымдастырғалы жүрміз деген О.Ботбай мырза шамасы келгенше ел игілігі үшін қызмет ете беретінін айтып, бізбен жылы қоштасты.

Ел ішінде баяғының «Атымтай Жомарттары» әлі бар екен деген біздің тілшіміз 800 адамдық ауызашардан қанаттанып оралып, елім деген әрбір азамат осылай туса деген тілегін жасыра алмады.

Өз тілшімізден

Тегтер: ауызашар, астана, рамазан, ай, ораза, мұсылман

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.

Қаншайым 20 Мамыр, 2018

Алла разы болсын! Берілген игі ісінің берекесін Алла еке еселеп берсін!