Ақтөбеде қар құрсауында қалған көліктер құтқарылды

06 Наурыз, 2019 353 0

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті мамандарының хабарлауынша, ауа райының жақсаруына байланысты кеше Ақтөбе-Родниковка-Мәртөк бағытынан бөлек бірқатар автожолдар ашылды. Бұл туралы Ақтөбе газеті жазады.

5 наурыздағы сағат 9.30 минуттағы жағдай бойынша, «Қазақавтожол»  облыстық филиалы ауа райының жақсаруына байланысты республикалық маңыздағы Самара-Шымкент тасжолының Қобда поселкесінен Батыс Қазақстан облысы шекарасына дейінгі 615-526 шақырымын қозғалыстың барлық түріне ашты. Осы уақытта облыстық маңыздағы Бадамша-Ақтөбе, Бадамша-Хромтау, Ақтөбе-Болгарка-Шұбарқұдық, Шұбарқұдық-Ойыл, Қобда-Жиренқопа, Дөң-Бадамша бағыттары бойынша да көлік қозғалыстары үшін жол ашылды. Алайда кеше облыстың бірқатар аумақтарында бұрқасын тұрып, нәтижесінде Ақтөбе-Родниковка-Мәртөк бағыттары бойынша жол жабылды.

— 4 наурыз күні сағат 12.35 минутта  Бадамша-Степное тасжолының 25-ші шақырымында ішінде жеті жолаушысы бар екі жеңіл көлік қар құрсауында қалғандығы жөнінде ақпарат келіп түсті. Шақырту орнына төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары мекемесінің №10, №16 өрт сөндіру бөлімдерінен шнекоротор, трэкол техникаларымен 5 адам және «Южпромснаб» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен жүк тиегішті жүргізген бір адам жіберілді. Құтқарушылардың күшімен 7 жолаушы Бадамша ауылына жеткізілді. Зардап шеккендер болған жоқ, — деді облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мамандары.

Департамент мамандарының айтуынша, 4 наурыз күні 22.20 минутта Алға ауданының Үшқұдық ауылдық округіне қарасты Ақсазды ауылында науқастанған қарт кісіні жолды қар басу себебіне байланысты ауруханаға жеткізу мүмкіндігі болмай тұрғаны турасында хабар түседі. Шақырту орнына департаменттің жедел құтқару  жасағы мекемесінің жеке құрамынан трэкол техникасымен 2 адам және жергілікті әкімдіктен мамандар жіберіледі. Нәтижесінде 1938 жылы туған азамат Алға қаласының жедел жәрдем ауруханасына жеткізіледі.

Мұндай жағдай Ойыл ауданында да тіркеліпті. Кеше 00 сағат 14 минутта Көптоғай-Ойыл ауыларалық тасжолының 20-шы шақырымында ішінде жолаушылары бар  3 жеңіл және 1 жүк автокөлігі қар құрсауында қалғандығы жөнінде хабар түседі. Құтқарушылардың күшімен жолаушылар Ойыл ауылына жеткізілген.

Сол сияқты, Самара-Шымкент тасжолының 773-шақырымында, Белогорка ауылы маңында жолаушысы бар көліктер де құтқарушылардың күшімен қар құрсауынан шығарылыпты.

Тегтер: ақтөбе, көктем, қар, төтеншежағдай

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.