Бұл оқиға Кеңес заманында болған деседі

17 Сәуір, 2019 544 0

NewsROOM+. Ғылым академиясының шипажайы. Ортанқол ғалымсымақтарға толы. Ем алу, серуендеу, бірін бірі өсектеу – бір сөзбен айтқанда еріккеннің ермегі, еркін демалыс.

Бір күні кезекті сыбыстан барлығы жел тұрған қоғадай жапырылыпты – демалуға АКАДЕМИК келе жатқан көрінеді!

Айтылған күні қызыққұмарлар жиналып, келген машинаны қарсы алады. Одан алдымен ұзын бойлы, аққұба, шашы бурыл тартқан сымбатты еркек түседі. Артынан қыбырлай басып көріксіздеу, егде тарқан әйелі ереді.

Сонымен екеуі шипажайда ем алып жатады. Академиктің әйелі қасынан бір елі қалмай, қалбалақтап, жалпылдап, атақты күйеуінің асты-үстіне түсіп қасында жүреді қайда барса да. Ол болса барынша маңғаздана әйелінің бар ықыласын шаршаңқы ризашылықпен қабылдайтын.

Асханада олармен жас та әдемі, сылаңдаған бір келіншек дастархандас болады. Сұлу келіншек басында сыпайылық танытып, әліптің артын бағып, жағдайды байқастап жүреді де біраз күннен кейін білекті сыбанып іске кіріседі.

Академик – ол өмірде кездесе бермейтін мүмкіндік қой. Оған бетін әжім басқан, жалба-жұлма кемпір неменеге керек?

Сұлу келіншек еркектерге тор құруға машық еді. Әріден айналдыра бастайды. Сөйтіп жәйлап-жәйлап Академиктің жүрегін жібітеді. Басында қыдырып, кейін сәкіде тізе түйістіре сырласуға жетеді. Бір сөзбен айтқанда, махаббаттың шырмауығымен шырмай бастайды.

Өсек қуған елдің бәрі елеңдеп, енді не боларын күтіп жүргенде, бұдан әрі шыдай алмаған академиктің әйелі сұлу келіншекке істің басын ашып алуға келеді. Білекті сыбанып, бетін тырнап, шашын жұлып, бет жыртыспай, ақырын қасына келіп, сыпайы түрде: «Кешіріңіз, менің күйеуімнің сізге не қажеті бар?» деп сұрақты төтесінен қойыпты.

Сұлу келіншек махаббат, тоғысқан тағдыр, қос жүрек, тағысын тағыны айтып көсілсе керек.

Академиктің кемпірі сонда да қоймай: «Сіз білмейсіз ғой, ол ауыратын адам. Оған тұрақты күтім керек, тамақты да, диетасы бар, таңдап ішеді, кез келген әйел оған шыдамайды ғой» деп барынша жағдайды сыпайы түсіндіруге тырысады.

Жас сұлу келіншек одан әрі көсіледі. Академиктің жалақысына қандай да бір керемет жағдай туғызуға болады, ол үшін өзіңіз сияқты жаман кемпірге айналып та қажет емес дегендей.

Мұны естіген егде әйел басында түсінбей, сөзден тосылып қалады. Сәлден кейін есін жиып, жәй ғана айтқан екен: «Түсінемін, қарағым! Бірақ мәселе басқада, АКАДЕМИК – мен ғой».

Тегтер: академик, шипажай, оқиға, қыз

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.