Түркі Академиясының «Ұлы дала: мәдени мұра және әлем тарихындағы ролі» форумы басталды

15 Мамыр, 2019 76 0

NewsROOM+. Халықаралық жиынға Америка Құрама Штаттары, Ресей, Үндістан, Қытай, Ұлыбритания, Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан, Франция, Латвия,  Голландия және Мажарстан сынды елдерден 70 -ке жуық ғалым және ЮНЕСКО өкілдері  қатысуда. Бұл туралы Халықаралық Түркі Академиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап, newsroom.kz хабарлайды.

Форумның салтанатты ашылу рәсімінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау хаты оқылды.

Хатта «Көптеген елдердің ғалымдары, тарихшылары мен тіл мамандары қатысып отырған мұндай алқалы жиынның Еуропа төрінде, Париж қаласында өтуінің маңызы ерекше. Форум барша адамзат тарихымен ұштасатын тарихи-мәдени мұраларымыздың ғылыми айналымдағы өрісін кеңейтеді деп үміттенемін. Елімізде жүзеге асырылып жатқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Ұлы даланың жеті қырының» басымдықтары ұланғайыр даламыздан тамыр тартқан халықтардың әлемдік өркениетке қосқан үлесі мен тәжірибесінен тағылым алу, болашақ жас ұрпақты мәдениетаралық үйлесім рухында тәрбиелеу ісіне тың серпін беруде. 

Менің бастамаммен құрылған Халықаралық Түркі академиясы аталған бағытты ғылыми интеграция тұрғысынан дамытуға елеулі үлес қосып келеді. Соның бір айғағындай осы жиын бай тарихымыз бен адамзат ақыл ойы қазыналарының терең тамырларын өзгеше қырынан пайымдап, жаңа мәдениетаралық қатынастар көкжиегіне жол ашады деп сенемін» - делінген.

Форумды ашып сөз сөйлеген Халықаралық Түркі академиясының президенті, тарих ғылымдарының докторы Д.Қыдырәлі ҚР Тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының маңыздылығы туралы айтты. Сондай-ақ Академия жетекшісі өз сөзінде Ұлы даланың әлемдік өркениетке зор үлес қосқанын да атап өтті.    

Форумға жиналған Қазақстандық және шет елдік ғалымдар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы Еуразия кеңістігіндегі тарихи үрдістерді жүйелеу мен оған жаңаша көзқарас тұрғысынан қарауда өте құнды екенін айтты. ЮНЕСКО -ның өкілдері  мақаладағы жылқының қолға үйретілуі, Ұлы даладағы ежелгі металлургия және аң стилі сияқты құнды дүниелер әлемдік мәдениет пен өркениетте ерекше орны бар екенін мәлімдеді.   

Форумның бір сессиясы «Түркі өркениеті және оның  әлемдік мәдениетке қосқан үлесі»  деген тақырыпқа арналды. Осы жиында Үндістандық ғалым, Индира Ганди атындағы Ұлттық мәдениет орталығының профессоры Мансура Хайдар «Түркілердің Үндістандағы білім мен ғылым саласына қосқан үлесі» деген тақырыпта баяндама жасады.Ол өз баяндамасында:«Үндістан жерінде түркілер Дели сұлтандығы мен Ұлы Моғолдар дәуірінде билік құрды. Олар Үнді елінде білім мен ғылым саласына жаңа әдіс-тәсілдер енгізді. Мәселен, балаларға білім беру үшін түркілер медреселер жүйесін құрды. Ал ғылым саласында түркілер математика, музыка, астрономия және механиканы дамытуға көп көңіл бөлген. Ола дін, ғылым және технология бойынша жазылған еңбектерді сырт  елдерден әкеліп, қолданысқа енгізумен де айналысқан»-деп, қызықты деректер келтірді. 

Ал Париж университетінің профессоры Ванда Дресслер өз баяндамасында:«Көшпелі өмірдің қалыптасып, дамуына біріншіден, біздің дәуірімізге дейінгі алты мыңыншы жылдары Қазақстан аумағында жылқының қолға үйретілуі ықпал етті. Екіншіден, оған  Қазақстанның солтүстік-шығысында Андронов мәдениетінде алғашқы металлургияның  кең етек жаюы мен дөңгелектің жасалауы көп жағдай жасаған. Осы екі өзгеріс көшпелі әскери жүйенің пайда болып, күшеюіне  себеп болды. Көшпелі өмір салтының ең басым тұсы – оның тез икемге келіп, сыртқы ортаға бейімделе алуында. Осының арқасында көшпенділер ұлы империялар құра білді» - деген қорытынды жасайды.   

Биылғы жиын түркі тілдес елдердің тарихында айрықша орны бар Алтын орда мен Моғолстанның құрылуына ықпал еткен Талас құрылтайының 750, Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» шығармасының жазылуының 950, ақын Имамеддин Насимидің 650 жылдығы  секілді айтулы тарихи даталармен тұспа-тұс келіп отыр.    

Форум аясында Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі халықаралық қауымдастыққа танымал бірқатар ғалымдарға академияның арнайы  марапатын ұсынды. Атап айтқанда, Үндістанның Индира Ганди  атындағы Ұлттық өнер орталығының  (IGNCA) қызметкері, профессор Мансура Хайдар, Париж университетінің профессоры Ванда Дресслер, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің профессоры, академик Болат Көмеков, Түркия Республикасының ЮНЕСКО істері бойынша Ұлтық комиссиясының өкілі,  профессор Оджал Огуз Халықаралық Түркі академиясының Алтын медалінің лауреаты атанды. 

Іс-шара ЮНЕСКО Бас директорының қамқоршылығымен және ЮНЕСКО жанындағы Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан мен Түркияның Тұрақты өкілдіктерінің белсенді қолдауымен өтуде.

Тегтер: ТүркіАкадемиясы, форум, Париж

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Сағыңыз сынбасын

07 Қараша, 2018

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.