Эрдэнэттің салқыны

29 Мамыр, 2019 1004 0

NewsROOM+. Қызмет бабымен Моңғолияның ірі мыс кенорны «Эрдэнэт» атты мемлекеттік компания орналасқан, мекемемен аттас қалаға жолым түсті.
Жұмыс соңына қарай әр ойдың жетегінде жүргенде Елшіліктің қызметін әбден сынаған бір жергілікті қандасымыздың сөзіне жауап берудің орайы келгендей болды да тұрды. Не деді дейсіз ғой, «осы Қазақстаннан әншілерді әкеліп, екі елді жақындастырып, жүгіріп біз жүрміз, сонда Елшілік қайда қарап отыр?». Әңгіменің түп төркіні, келіп жатқан қазақстандық әншілерге Елшіліктің көңіл бөлмегенінде болып отыр.

Шіркін-ай, біздің жұмысымыз әншілерді әкелуден ғана тұрса, әуежайдан жасыл дәліз ашып қойып, селфидің көкесін түсіретін едік қой дейін дедім да, үндемей қоя салдым. Бірақ, «айтпасаң.. біреу өледі» деген ба еді мақал бар еді ғой. Енді сәті түскен сияқты.

Сонымен, 1990 жылдардан бастап 2016 жылға дейін Қазақстан мен Моңғолия арасы дәл осы Эрдэнэтке байланысты қатты салқындап кетті. Себебі, кезінде қазақстандық мыс өндіретін компания Эрдэнэт компаниясынан өңдеп береміз деп, мыс шикізатын алып, банкротқа ұшырап 20 млн. долл. берешегі қалып қойған. Моңғол ағайындар қатты да айтады, ақырындап, айтады, тікелей айтады, ресми Астанадан жауап болмайды. Олай болатын себебі Қазақстан үшін бұл мәселе мемлекеттік деңгейге көтеретін емес, жеке кәсіпкерлер арасындағы әңгіме. Моңғолдар үшін компания мемлекеттік болған соң стратегиялық маңызда болып тұр.

Содан, 2015 жылы Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше боламыз деп отырғанда түбі бір көшпелі бауыр аяқтан шалады. ДСҰ-ға Қазақстанды қабылдамау жөнінде өтініш түсіреді.

Осы мәселенің екінші жағына тоқтала кетейін. Қарызын төлемей жүрген елге Моңғолияның ресми билігі теріс қарап кетеді. Қазақстанның екіжақты қатынастарды дамытайық деген ұсыныстарын елемей қояды. Оның ішінде: тікелей әуе рейстерін ашу, қазақ ұлттық және мәдени орталығын ашу, өкілдіктер ашу, басшылардың сапарларын ұйымдастыру сынды мәселелермен қатар қандастарға деген ақпараттық және басқа да шабуылдар күшейе бастады.
Сонымен не керек, Ұлан-Батырға Қазақстаннан Үкімет басшысының бірнші орынбасары деңгейінде делегация келеді. Моңғолиялық тараппен үлкен келіссөздер жүргізіледі.
Сырт қараған адамға үлкен лауазымдағы азаматтар, мәдениетті сөйлеп, бір-біріне күле қарап, иықтан қағып қойып «Эрдэнэт» төңірегінде керемет сөйлесіп отыр. Келіссөздерден кейін төс қағыстырып, бауырласып, қол алысып, үлкен дастарханнан ас алып, қимай қоштасып жөндеріне кетті.

Ал енді тура осы жағдайдың астарында не болып жатты соған көз жүгіртейік. Тіпті түсінікті болу үшін көшеде кездескен екеудің әңгімесімен келтіріп көрейін.

Моңғолия: Ей, сенде өзі ұят бар ма? Алған тауардың ақшасын қашан бересің. 20 жыл өтті ғой.

Қазақстан: Мен алған жоқпын ғой. Сонымен қоймай үлкен үйге бара жатсам аяғымнан шаласың.

Моңғолия: Сен алмасаң да, сенің атыңнан келіп алып кетті ғой. Осыдан қайтармасаң ісім сенімен болсын. Туған-туысқаныңмен қоса күн көрсетпеймін.

Қазақстан: Қолыңнан келсе сотқа бер сот шешсін. Сот бер десе берем. Әйтпесе ренжіме.

Моңғолия: Несі бар, берем. Көрейік сосын не боларын.

Сол жылы Моңғолия Үкіметі Лондондағы халықаралық арбираждық сотқа Қазақстанды  сотқа беріп, жеңіліп қалды. 

Алайда Моңғолияның сотқа дейін Дүнижүзілік сауда ұйымына берген өтінішін кері қайтарып алып, мүмкіндік бергеніне орай Қазақстан да жеке меншікті мәжбүрлеп отырып, аталған қарызды жапты. 2016 жылы Моңғолия Қазақстанға «өкпесі жоқтығын» ресми хат арқылы білдірді.

Содан бері «күн жылыды», құдай қаласа жақында тікелей рейс ашылады деп отырмыз. Рейс ашылса мыңдаған әншілер, бизнесмендер тағы басқалары сапырылыса бастар деп сенемін.
Жалпы, Елшіліктің қызметіне мін тағушылар жиі кездеседі, оның астарын түсінбеуден туындайтын шығар деген ойдамын. Себебі елшілік тек қана қандастардың жағдайын жасау үшін ашылатын болса, Түркия, Ресей, Өзбекстан, Қырғыз және басқа шоғырланған қазақтар орналасқан елдерде Қазақстан мен қандастар арасындағы елшілік деген мекеме ашайық. Қайдам, дұрыс емес-ау, пайдасы жоқ болар-ау.

Кей-кездері мінсіз киініп, биязы сөйлеп, бірақ шаршап шалдығып жүргені байқалып тұратын әріптестерімді көргенде ішімді бір жылы ой орап өтеді. Дипломат үндемей қалған жерде, зеңбіректер сөйлейді деген орыстың нақыл сөзі бар. Шаршасаң да шыда, сөздің астында қалсаң да шыда дегім келеді.

Эрдэнэттегі белгілі ақын Байыт ағаға, қаладағы жерлестер алқасының төрағасы Нұрекеңе, Майдар ағаға мың алғыс


Авторы: Жүсіп ОРЫНБАЙ, дипломат

Тегтер: Эрдэнэт, моңғолия

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.