Қайрат Мәми: "Билік халықтың салиқалы сабырымен ауысты":

20 Маусым, 2019 497 0

NewsROOM+. ҚР конституциялық кеңесінің төрағасы Қайрат Мәми «ҚР конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы» конституциялық кеңестің жыл сайынғы жолдауын жариялады, деп хабарлайды Stan.kz

Мәми конституция егемендігімізді паш ететін, азаттығымызды айқындайтын маңызды құжат және татулықты ту еткен елдігіміздің алтын қазығы деп атап өтті. 

«Ата заңды құрметтеу, бұлжытпай орындау – алға қойылған биік мақсаттарға қол жеткізудің алғышарты. Конституциялық кеңестің қызметі азаматтар құқықтарын қамтамасыз ететін, жалпы мемлекеттік құндылықтарды сақтайтын ізгі мақсатын қорғауға бағытталған. Жолдау жарияланғаннан бергі кезең Қазақстанның мемлекеттілігі мен конституциялық бірегейлігі үшін тарихи таңбалы оқиғалармен ерекшеленеді. Салиқалы халқымыздың сабырымен, биліктің сайлану салтымен Қазақстанда билік ауысты.

Мемлекет басшысы өкілеттігінің көшуі, конституцияға өзгерістер енгізу және республика президентінің кезектен тыс сайлауы конституцияның талаптарына қатаң сәйкестікте өтті. Осылайша тәуелсіздік басында Елбасы мәлімдеген және тұрақты түрде қамтамасыз етіліп отырған Ата Заңның рухын адал сақтау бағытының сабақтастығы және оған қатысты қоғам мен мемлекеттің бұлжымастығы қайта расталды», - деді Қайрат Мәми. 

Әрі қарай ол конституциялық кеңес төрағасы мемлекеттілік дамуының жаңа дәуірінің мемлекеттің және азаматтың ең басты міндеті - конституцияның ережелері мен нормаларын құрметтеу және жүзеге асыру екенін ерекше атап өтті.

«Конституциялық бақылау органының жолдауында конституциялық кеңестің қорытынды шешімдерін орындауда жағымды үрдістер байқалады. Мысалы, оның құқықтық ұстанымдарын іске асыру үшін жыл басында заңнамада мемлекет мұқтажы үшін мүліктен күштеп айыру кезінде оның құнын бұрынғы кадастырлық немесе шартты емес, нарықтық бағасы бойынша жүзеге асырылатыны бекітілді.

Атқарушылық іс жүргізуде күштеп әкелуді қолдану тәртібі егжей-тегжейлі реттеліп, оны қолдану процесінде мемлекеттік органдар өкілеттіктерінің ара-жігі ажыратылды. Халықаралық стандарттарға сәйкес, азаматтарды азаптаудан, зорлық-зомбылықтан, басқа да қатыгездік немесе адамдық қадір-қасиетін қорлайтындай жәбір көрсету тетіктері күшейтілді.

Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің, халықтың көші-қон саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейтін заң жобалары, сондай-ақ, норма шығармашылық процесті жетілдіруге, заңнаманы жүйелеуге және құқық қолдануды жақсартуға бағытталған іс-шаралар әзірленді. Заңнамалық актілерде бір-біріне қайшы келетін және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын бұзуға жағдай жасайтын ережелерді алып тастау бойынша жұмыс жалғасуда», - деді ол. 

Мұнымен қатар, ол конституциялық іс жүргізу практикасын және заңнаманы дамытудың қазіргі заманғы трендтерін талдауды ескере отырып, конституциялық кеңес елімізде құқық мемлекет қағидаттарын нығайту бойынша нақты ұсыныстар енгізді. Конституциялық кеңес заңнамалық массивті конституцияландыру деңгейін арттыру қажет деп пайымдады. 

Тегтер: конституциялықкеңес, ҚайратМәми, жолдау, билік

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.