Үкімет басшысы Түркістанның даму жоспарымен танысты

21 Маусым, 2018 1927 0

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев пен ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы Әділбек Жақсыбеков жұмыс сапарымен Түркістан қаласына барды деп хабарлайды NewsRoom+ тілшісі. 

Түркістан облысының басшысы Жансейіт Түймебаев шаһардың аймақ орталығы ретіндегі даму жоспарымен таныстырды. Атап айтқанда, жаңа әкімшілік-іскерлік орталықты дамыту жобасы, жол, құрылыс инфрақұрылымдарын одан әрі жаңғырту жұмыстары баяндалды.

«Түркістан қаласының шығыс бөлігінен жаңа қалашық салу үшін 670 гектар жер бөлініп отыр. Онда әкімшілік-іскерлік орталықтың жалпы аумағы 170 гектар аумақты құрайтын болады. Оның 300 гектарына көп қабатты тұрғын үйлер тұрғызылып, қалашықта 65 мыңға жуық адам тұрмақ. Онда облыс әкімдігі, территориалды мекемелер, құқық қорғау органдарының күштік құрылымдары, мәдениет үйлері, көрме орталығы, мектеп, саябақ, демалыс орындары орналасады», - деді өңір басшысы. 

Сонымен қатар, Түркістан облысының әкімі Ж.Түймебаев «Көне Түркістан» тарихи бөлігін жаңғырту жобасы туралы айтты. Жоба Қ.А.Яссауи кесенесі маңындағы қорғандарды реконструкциялауға бағытталған. Көне Түркістан» жобасының негізгі идеялық мәнін іске асырудың 2 нұсқасы ұсынылып отыр. Оның біріншісі «Түрксой» ұйымына мүше елдердің мәдени ошақтарын нақты тарихи сипатта, өзіндік сәулеттік нақышта қалыптастыру жөнінде жобалық ұсыныстарын алу және сол елдерге тиісті нысандарды салдыру. Екінші нұсқада түркітілдес елдер тарапынан инвестиция салу мәселесімен қатар отандық немесе басқа да инвесторларды тарту жұмыстары қоса жүргізу қаралған.

Айта кетерлігі, бүгінде Түркістан қаласында халық саны 162 мыңға жуықтайды.  Шаһарда соңғы жылдары тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізілуде. 2017 жылы жалпы көлемі 33 368 шаршы метрді құрайтын баспана пайдалануға берілген.

 

Тегтер: түймебаев, түркістан, облыс, жұмыс

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.