«Мен Абайды оқимын» - Ақтөбеден үн қату

12 Тамыз, 2019 327 0

Осы жылдың 8 тамызында С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы «Мен Абайды оқимын» акциясы аясында қазақтың бас ақыны, ағартушы, философ Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған библиофлаер ұйымдастырды. Оқырман қауымға ақынның өмір жолы мен қызметін баяндай отырып, жастарды ұлтжандылыққа тәрбиелеу, сондай-ақ Хакім Абайдың өскелең ұрпаққа арналған өршіл рухты шығармаларын насихаттап, әдебиетке деген қызығушылығын арттыруды мақсат еткен шараға мәдениет қызметкерлері, студенттер, оқытушылар мен мектеп оқушылары қатысты.

Қазақтың ұлы ақыны, ағартушы, философ, композитор, аудармашы, саясат қайраткері Абай (Ибраһим) Құнанбайұлының туғанына келер жылы 175 жыл толады. Өзінің шығармалары арқылы қазақ халқының әлеуметтік, қоғамдық, моральдық мәселелерін арқау еткен ұлы ақынның өмір жолы хакімдікке бастар жолға жалғасқан еді. Алдымен ауылдағы Ғабитхан молдадан сауатын ашып, 10 жасқа толған соң 3 жыл Семейдегі Ахмет Риза медресесінде оқиды. Медреседе араб, парсы тілдерінде негізінен дін сабақтары жүргізілді. Оқуға зейін қоя кіріскен жас жеткіншек қабілетімен төске өрлеп, үздік шәкірт атанады. Абай енді дін оқуын ғана мақсат етпей, білімін өз бетінше жетілдіруге ұмтылады. Сөйтіп бірқатар шығыс ақындарының шығармаларымен, араб, парсы, шағатай тілдерінде жазылған қисса, дастан, ертегілерімен танысады.

Медреседегі оқуының үшінші жылында Абай Семей қаласындағы Приходская школаға қосымша оқуға түсіп, орысша сауатын ашады. Бірақ оқуын әрі қарай жалғастыра алмайды, үш жылдан соң мұсылманша да, орысша да оқуы аяқталады. Әр оқыған дүниесінің тереңінен бойлап, қорытып, бойына сіңіре білген бала Абайдың Хакім Абайға дейінгі дара жолы осылайша басталған еді. Өмірінің соңына дейін қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, барын асырған ұлы ақын ұлт тарихында есімі мәңгі жаңғырып қалды.

Жақында Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған Абай өлеңдерін оқу бойынша челлендж де өткені белгілі. Челленджді жас жеткіншектерден бастап мемлекет басшысына дейін қолдады, сондай-ақ өнер қайраткерлері, саясаткерлер, ел тұрғындары мен шетелдіктер де Абай өлеңдерін оқып, оны өз әлеуметтік желілерінде жариялады.

Осы тұрғыда С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы да қалыс қалмай библиофлаер барысында кітапхана қызметкерлері үш топқа бөлініп, жарнамалық-ақпараттық парақшалар таратып, сауалнама жүргізді. Ақын өлеңдері мен қара сөздері оқылып, «Абай мұрасы – халық ұлағаты» атты кітап көрмесі жасақталды.

Тегтер: АбайҚұнанбайұлы, 175жыл, акция

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.