Түркістанда Астана күні тойланды

06 Шілде, 2018 1668 0

Түркістан облысының орталығы – Түркістан қаласында Астананың 20 жылдық мерекесіне арналған гала-концерт өтті деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған newsroom.kz.

Есім хан алаңында өткен концертке мыңдаған көрермен қатысты. Салтанатты шарада Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев көпшілікті мерекемен құттықтады.

«Қазақ елінің жасампаз тарихында алтын әріппен жазылатын мерекелердің бірі – Астана күні. Біз тәуелсіздігіміз туралы айтсақ, Астананы айтпай тұра алмаймыз. Өйткені, Елбасы және елорда, Тәуелсіздік пен Тұңғыш Президенттің есімі ажырамас, айнымас егіз ұғым. Астана – Елбасымыздың төл туындысы. Сарыарқа төсінде гауһартастай жарқырап тұрған елордамыз бүгінгі таңда әлемнің таңданысын оятқан, бәрін мойындатқан ғаламат жоба. Биыл Астананың 20 жылдық мерейтойын тойлап отырмыз. Тәуелсіздігіміздің бойтұмары – Астана күннен күнге жарқырап-жайнап, еліміздің абыройын, мемлекетіміздің келбетін асқақтатып келеді. Астана еліміздің барлық өңірлерінің экономикасының дамуына ықпал еткен қозғаушы күшке айналды. Астана – бейбітшілік, ынтымақтастық және келісім ордасы. Сіздерді тағы да Астана күнімен шын жүректен құттықтай отырып, барлықтарыңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, бақытты ғұмыр тілеймін» деді Ж.Түймебаев.

Думанды мерекеде өңір басшысы қоғамның түрлі салаларында жемісті еңбек етіп жүрген бір топ азаматқа «Астанаға – 20 жыл» мерекелік медалын салтанатты түрде тапсырды. Олардың арасында спорт, өнер, БАҚ және өзге де салалардың өкілдері бар. Сонымен қатар, Ж.Түймебаев биыл ҰБТ қорытындысы бойынша ең жоғары балл жинаған Түркістан облысының 20 өреніне Алғыс хат тапсырып, үлкен өмірге басқан қадамдарына сәт-сапар тіледі.

Түркістан төріндегі гала-концертте облысымызға және елімізге танымал эстрада жұлдыздары мен өнер ұжымдары өнер көрсетті. Кеште Отан, туған жер, махаббат, Астана, достық тақырыбындағы туындылар мен ел жүрегінен мәңгі орын алған әндер шырқалды. Кеш соңы мерекелік отшашуға ұласты.

 

 

Тегтер: астана, түркістан, жаңалықтар, концерт

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.