Алматыда дирижер Айтқали Жайымовтың шығармашылық кеші өтті

08 Қараша, 2019 189 0

8 қараша күні «QURMANGAZY ORKESTRI» концерт залында Құрманғазы оркестрінің 85 жылдығы аясында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, профессор, дирижер Айтқали Жайымовтың «Еркін елім» атты шығармашылық кеші өтті.

Белгілі өнер иесінің жеке концертіне жиналған жұрт қарасы көп болып, оркестр ғимараты көрерменге лық толды.

Аты аңызға айналған «ата» оркестр – «Құрманғазының» музыканттары кештің басынан аяғына дейін Айтқали Жайымов пен оның туғаны ұлы, композитор – Арман Жайымның шығармаларын орындады.

Аталмыш концертке белгілі күйші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Үлкенбаева, қобызшы Әсел Рахымжан, домбырашы Батыржан Мықтыбаев және елордамыз Нұр-Сұлтан қаласынан келген жас әншілер Алтынбек Әбілдә мен Шаһризада Тыныштық қатысты.

Айта кетер болсақ, Айтали Жайымов - «Ереуіл атқа ер салмай», «Шалқыма», «Отпан тау, «Толғау», «Балдәурен», «Мен сәлем жазамын», «Кемеңгер Құрманғазы» және т.б. оркестрге арналған шығармалар мен күйлер, ондаған романс пен ән-хорлармен бірге жеке домбыраға арналған 30-дан астам күйлер мен әртүрлі аспаптарға жазылған пьесалардың авторы.

Сонымен бірге ол Халық композиторлары Қорқыт, Кетбұға, Құрманғазы, Дәулеткерей, Түркеш, Махамбет, Тәттімбет, Абыл, Есір, Байсерке, Қартбай, Қазанғап, Сейтек, Сүгірдің күйлері мен Қазақстан және шетел композиторларының көптеген шығармаларын халық аспаптары оркестріне лайықтап түсірді.

Тегтер: АйтқалиЖайымов, концерт

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.