Қазақстандық БАҚ һәм дін тақырыбы

13 Қараша, 2019 248 0

Елдегі қалыптасқан діни ахуалды реттеп отыруда, сол арқы­лы қоғамдық тыныштықты сақ­тауға үлес қосуда бұқаралық ақпа­рат құралдарына артылатын жауапкершілік жүгі ерекше салмақты. Бұл туралы Egemen Qazaqstan-ға сілтеме жасап, Newsroom.kz хабарлайды.

Таяуда елордада Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері коми­тетінің мұрындық болуымен «Дін саласындағы мәселелерді жариялау бойынша журналистерге арналған тренингі» атты астаналық және аймақтық БАҚ өкілдері қатысқан арнайы семинар-дәріс өтті.

Бұл шара діни тақырыпты жариялау мен дін саласына қатысты мемлекеттік саясатты іске асыру бойынша журна­лис­тердің кәсіби біліктілігін артты­рып, халыққа дұрыс әрі шынайы ақ­парат жеткізудің оңтайлы әдістерін қарастыруға бағытталған. Жиын ая­сында екі міндетке баса назар аударылды. Біріншісі, журналистерді ар­найы дағдыларға оқыту және дін саласындағы ақпараттық жұмыстарды ұйымдастыру мәселелері бойынша тиімді жұмыс тәжірибесімен алмасу. Екіншіден, дін саласындағы тақырыптарға қатысты мәселелерді ақпараттық тұрғыдан іске асыру ба­ғыт­тарын түсіндіру көзделді.

Ақпарат және қоғамдық даму министр­лігі Дін істері комитетінің төрағасы Ержан Нүкежанов жиын­ның басында сөз алып, шараның шымыл­дығын ашты. Комитет төрағасы атап өткендей, бұқаралық ақпарат құрал­дары мемлекеттің қоғамдық-саяси өмірінде маңызды рөл атқарады. Алай­да, діни және этникалық мәселеге қа­тыс­ты БАҚ-та жарияланатын мате­риалдардың басым бөлігі сын көтер­мейді. Масс-медиа мазмұнында руха­нилықтың, гуманистік идеялардың орнына меркантильді прагматизм идея­сы алға шығып кетті. Медиакеңістікті әсіресе, дін тақырыбында расталмаған және негізсіз ақпарат ағынымен толтыру журналист қауымына үлкен сын болмақ. Яғни, терминология­ны білмеу және сарапшылар қауымдас­тығының бағалауынсыз күдікті тұ­жы­рымдамаларды қолдану күрделі салдарға әкелуі ықтимал. Сондықтан да БАҚ-тың ақпарат таратудың арнасы ғана емес, азаматтардың санасына әсер етуші күшті, ықпалды құрал, қоғамдық-саяси, оның ішінде дін мәселесіне қатысты үдерістердің бел­сенді қатысушысы болатынын ес­кере отырып, ақпарат айдынында жариялауға болатын мәселелер ауқы­мы мен шегін анықтау, этика мен заңға қайшы келетін немесе қоғамда жағымсыз резонанс тудыратын, дін­аралық немесе конфессияаралық араз­дыққа әкелетін жарияланымдардың ара- жігін ашу аса маңызды.

– БАҚ-тың барлық түрлері, әсіресе, телеарналар мен радио басшыларының дін және мемлекеттік-конфессиялық қатынастар тақырыбындағы сарапшы­лық және аналитикалық материалдарды зерделеуі күн тәртібінде тұр­ған мәселе. Ал бұл үшін журналис­тер арнайы білім мен білікке ие болуы керек. Тиісінше, дін саласын­да жиі орын алатын оқиғаға немесе жиі қайталанатын жағымсыз үрдіс­­терге қатысты журналистік зерт­теу­­­лер мықты сарапшылық қолдау ар­қылы әзірленгені жөн. Материал дайын­дағанда журналистер құзырет­ті мемлекеттік органдар мен ұйым­дардың ресми хабарламаларын пай­даланып, сарапшылардан – ғылы­ми-сараптамалық қауымдастық өкілдерінен кеңес алғаны дұрыс, – деген Е.Нүкежанов кез келген уақытта тал­дама мен консультация беруге әзір­лігін айтып, өзінің жеке телефон нөмірін ұсынды.

Одан кейін сөз тізгінін алған негізгі медиа-тренер Абылайхан Қалназаров бүгінгі зайырлы қоғамымыздың бас­ты ерекшеліктерінің бірі – халық­тың ұлттық және діни дәстүрлері­нің жаңғыруы – Қазақстан мемлекет­тілігінің қалыптасуымен тұспа-тұс кел­гендігін айтты.

– Дін саласының сипаты жиі өз­геріп тұрады. Оны ұдайы назарда ұс­тап, мониторинг жүргізіп отыру керек. Ол ақпараттық соғыстарда жал­пыадамзаттық құндылықтармен бірге елдік мүддені қорғап отыру үшін қажет. Бұл орайда БАҚ-қа, оның маз­мұнын жасаушы журналистер қауымына артылатын жауапкершілік зор, кәсіби біліктілікке қойылатын талап жоғары болмақ, – деді ол.

А.Қалназаров «Діни журналистика және оның типтері. Діни журналистика – сарапшы журналистика» тақырыбында өз ойларын ортаға салды. Діни жур­налистиканың түрі жағынан зайырлы, конфессиялық және диаспоралық болып іштей бөлінетінін, сипаты жағынан кәсіби немесе популизаторлық бағыттарға тармақталатынын жеткізді.

– Біз діни журналистика ұғымын терең түсіну үшін ең алдымен оның қай тармақ-бөлігінде жүргенімізді, яғни, ондағы өз орынымызды біліп алуымыз қажет. Сонда ғана дін тақы­рыбын қозғағанда орын алуы мүмкін қателіктер мен олқылықтардан аман бола аламыз, – деді медиа-тренер.

Сонымен қатар ол діндер және діни терминдердің білу деңгейін анықтау бойынша тест алып, ситуациялық ойындар ойнатты және терроризм мен экстремизмді БАҚ-та жариялау ерек­шеліктері мәселесін көпшілік талқысына сала отырып саралады.

Бұдан бөлек, дінтанушы Тұрар Әбуов «Дін және дәстүр сабақтастығы» тақырыбында, Kazislam.kz порталының бас редакторы Саясат Қабдрахманов  «Дін тақырыбын жариялаудағы этика мәселесі», «Ақниет» оңалту ор­талығының теологы Серік Тәжібаев  «Деструктивті діни ағым өкілдерімен оңалту жұмыстарын жүргізудің әдіс­темелік негіздері» тақырыбында дәріс оқыды. Олардың айтуынша, кейде қазақ журналистері сенсация үшін сенімсіз ақпарат көздеріне жүгінеді. Өзекті емес деректерді немесе ресми түрде жоққа шығарылған мәлі­меттерді пайдалануға әуес. Тіпті қандай да бір үдерістерді сипаттауда асыра сілтеуі мүмкін.

Шара барысында медиа-тренерлер мен дәріс алушылардың пікір алмасуы мен талқылауы нәтижесінде бұқаралық ақпарат құралдарына басшылыққа алуы ұсынылатын бас­ты 4 қағида түйінделді. Бірінші қағи­да – зайырлы мемлекет және жо­ғары руханилыққа мән беру. Бұл ба­ғыт­тағы идеологиялық жұмыстарда еліміздің өмірінің барлық салаларында зайырлылық қағидаттарын дамыту қажет. Зайырлылықты дамуға, адам құқықтарының сақталуына және елдің демократиялық болашағына ба­ғыт деп түсіндіру керек. Екіншіден, бір­лік пен келісім – Қазақстанның тұрақ­ты дамуының негізі екенін үнемі назарда ұстау. Қазақстанда берік орныққан конфессияаралық келісім арқылы қол жеткізген жетістіктерді сақтау мен дамытуға баса мән берген абзал. Үшіншіден, патриотизм, ұлт­тық дәстүр мен мәдениет – ұлтымыз­дың рухани іргетасы екенін БАҚ жур­налистері жиі насихаттағаны жөн. Идеологиялық жұмыс арқылы халықтың санасына отансүйгіштік пен тарихи сананы, ұлттық дәстүр мен мәдениетті сақтау және дамыту қажет­тілігін сіңіре беру аса маңызды. Төртіншіден, радикализммен және экстремизммен күрес – бүкіл қоғамның міндеті екенін естен шығаруға болмайды. Ол үшін халықтың құқықтық және діни сауатын қамтамасыз ету кезек күттірмейтін мәселе. Бұл дін атын жамылған деструктивті және эк­стре­­мистік идеологияға қарсы тұрақ­ты иммунитет қалыптастырудың кепілі мен негізіне айналуға тиіс.

Шара соңында Ақпарат және қо­ғам­дық даму министрлігі Дін істе­рі комитетінің Діни қызмет саласын­дағы құқық қолдану практикасы бас­қар­масының басшысы Нұрлан Шубаев дәріс қатысушыларын арнайы тәлімнен өткені туралы сертификаттармен марапаттады. Бұған дейін дін мәселелерін жиі көтеріп жүрген журналистер Baq.kz ақпарат агенттігінің тілшісі Олжас Сәндібекке, Kazislam.kz порталының тілшісі Ермұрат Назарұлына, «Заң» республикалық газетінің тілшісі Ерлік Ержанұлына, HOLA News ақпараттық порталының журналисті Айжан Қа­лиеваға, SAF MEDIA студиясының дирек­торы Салтан Сайранұлына қар­жы­лай сыйақы тапсырды.


Тегтер: БАҚ, Қазақстан, дін, ахуал

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.