«Атыңнан айналайын, Әулие ата»

13 Қараша, 2019 117 0

Талайлы тарихымызда Тараз-Таластың алар орны айрықша екені даусыз. Екі мың жыл бұрын негізі қаланған, Батыс Түрік қағанаты салтанат құрған, күллі түркі жұрты ислам дінін қабылдаған, ғылым мен мәдениеттің мәйегі болған, Фирдоуси, Рудаки сынды әлемге әйгілі Шығыс шайырлары жырларын тарту еткен, әйгілі Талас құрылтайы өткен, Қазақ хандығының құтты қазығы қағылған қасиетті қаланы халқымыз әспеттеп Әулие ата деп атаған.

Қазақ қашанда елдің рухани ұстыны болған кемел кісілерді әулие тұтып, оларды ардақтаған. Әрине халықтың кез келген тақуаны әулие тұтпасы тағы белгілі. Әулие деп ақиқатқа қол жет­кіз­ген, пенделіктен баз кешіп, күнә­дан арылып, халық арасында жүріп Хақпен қауышуға талап қылған, ғұ­мы­рын тақуалықпен өткізген ізгі жанды айтса керек. Сондықтан Қожа Ахмет Ясауи бабамызды халықтың құрмет тұтып, көбіне Әзірет Сұлтан деп лақап атымен атағаны сияқты, Әулие атаның да жұрттың жүрегінен ерекше орын алған қастерлі кісі екені анық. Сонымен қатар Әулие ата Қарахан бабаның аты айтып тұрғандай, түрік даласындағы алғашқы мұсылман ел Қарахан мемлекеті тұсында өмір сүрген һәм оның тарихына ықпал еткен ерекше тұлға болғанын болжаймыз.

Ресей армиясының подполковнигі Лерхе 1864 жылы жазған жазбасында қаланың тарихын Әулие атамен тікелей байланыстырады, қаланың көркеюінде оның үлкен үлесі болғанын тілге тиек етеді. Лерхенің ел аузынан жазып алған аңыздарына сенсек, Әулие ата мемлекет басқарған ұлы патша болған. Ал генерал-майор Черняев 1864 жылы 2 маусым күні аяқтаған жазбасында Қарахан әулиенің 700 жылдай бұрын өмір сүрген мұсылман әмірші екенін айтады. Әулие атаның тарихына үңілген орыс тарихшылары О.Прицак, академик В.В.Бартольд сынды ғалымдар Қарахан әулиені шах Махмұд деп дәлелдеуге тырысады. Со­нымен қатар халық арасындағы аңыз­дарға сүйеніп жазылған мұрағат құжат­та­рының бірінде Қарахан әулие мен шах-Мансұр әулие атауы қатар кездесіп қалады. Бұл сөз негізсіз емес. Өйткені Қарахан қожалардың қолында сақталған шежіреде шах-Мансұрдың Қарахан бабаның ұлы екені айтылады. Ал сонда шах-Мансұр кім?

Шах-Мансұр, дәлірек айтқанда, Қарахан әулетін тұтастай билеп, өз дәуірінде әділетті патша атанған Арслан Иліг (Елік?) Мансұр хан – Тараз, Баласағұн, Шаш (Ташкент), Ферғана, Өзкент, Хожент және Бұхараға тұтас әмірі жүрген құдіретті қаған болған. Оның билігін інілері Тоған хан Ахмед пен Мұхаммед бин Али мойындап, билік тізгінін Мансұр ханға толық ұсынған. Сондықтан Қарахан әулетінің тарихын зерттеушілер бірауыздан 1012/13 – 1024/1025 жылдары арасында билік құрған Мансұрды ұлы қаған деп дәріптейді. Өйткені әйгілі Махмұд Ғазнауимен қатар ғұмыр кешкен оның патшалығы тұсында Қарахан мемлекеті кемеліне келіп, толысқан шағын бас­тан өткерді. Шығыс шайырларының жырға қосып, оны түрлі теңеулер ретінде өз өлеңдеріне арқау етуі – сол кездері аты шығып, әділеттігімен әйгілі болған мемлекеттің тек саяси, экономикалық, мәдени тұрғыдан ғана емес, өркениетке бастар ғылым мен білімнің қайнар көздерінің бірі болғанын көрсетсе керек. Мәселен, Махмуд ибн Валидидің дерегіне жүгінер болсақ, Қарахан мемлекетінің астанасы Баласағұн қаласының өзінде 40 ірі жәми-мешіт және 200-ден астам мешіт, 20 ханака, 10 медресе болған екен. Бұл  Қарахан мемлекетінің қысқа уақытта ислам өркениетінің ірі орталықтарының біріне айналғанын көрсетеді.

Әділетті, құдіретті қаған болған Арслан Иліг Мансұр ханның ұлы­лы­ғының тағы бір айғағы – оның ең құді­ретті шағында тақтан бас тартып, тақуалық, дәруіштік жолды таң­да­уы болса керек. Бәлкім, жалғанды жал­пағынан басып тұрып, жалғыз Жара­ту­шымен жыраққа кеткен ұлы тұлғаны халық әулие тұтып, кесенесін ерекше қадірлейтіні сондықтан болар. Абайша айтқанда «ғадалет, мархамат, шапағат, рахымды» һәм тақуа патшаларды елдің ерекше құрметтеп, әулие тұтқаны тағы анық. Сондықтан жұрттан жырақ кетіп, жүрек сырын жалғыз Жаратқанға арнаған шах-Мансұрды кейінгі ұрпақтың әулие тұтуы әбден мүмкін.

Тараз қаласындағы Қарахан баба – шах Мансұр әулие кесенесінің жанында жұрт бүгінде Дәуітбек кесенесі деп атайтын тарихи ескерткіш орналасқан. Күйдірілген кірпіштен жасалған бұл төртбұрыш пішімді кесененің төбесі күмбезделген. Кесене іші ортада ақ түсті қос қабатты тіктөртбұрыш пішімді мазар тасы бар. Екі қабаттың әрқайсысында да, төрт жақ бұрышында да арабша сөздер жазылған бұл ескерткішті кезінде белгілі шығыстанушы, академик В.В.Бартольд оқып, орысшаға аударған. Осыдан бірнеше жыл бұрын Халықаралық Түркі академиясының ғылыми қызмет­кер­лері, профессор Ғ.Бабаеров пен шығыс­та­нушы-ғалым А.Кубатин осы кесенеге арнайы барып, қабір жазуын қайта оқу арқылы В.В.Бартольдтың оқуы мен аудармасының толық емес екенін анықтаған еді.

Аталған кесенедегі жазуды біздің ғалымдарымыз түпнұсқадан былай деп оқып, аударды: «Бұл бау билеуші, текті қолбасшы, ғалым, әділ, жомарт, қы­лыш әрі қалам иесі, жомарттық пен тектілік қайнаркөзі, ақиқатты даңқ­та­ған, адамдарға жәрдем еткен, ғалым­дардың қарнын тойдырған, әлсіз­дерге күш берген, ақиқат пен дін­нің даңқын шығарушы, ислам мен мұсылмандардың қорғаны, қағандардың таңдаулысы, әлемдер раббысының сүйіктісі, ерлік пен бақыттың тоғысқан жері, жомарттық пен тектілік бастауы, тәңірі әмірлеріне бағынған, тәңіріне арқа сүйеген, заманының шоқ жұлдызы, жомарттық пен қайырымдылық отаны, асыл әрі жақсы қасиеттердің иесі Құтлығ-Тонга Ұлығ-Білге Иликхан Дадбек Исфехсалар б. Ілияс ... Ұғыл бек әш-Шәһид Дадбек әт-Таразидікі. «Біліңдер! Расында Алланың достарына қауіп-қатер жоқ, әрі олар қайғырмайды» (Құран Кәрім, 10:62). Ол 660 жылы жұмадүл улә жұмасының кешінде (1262 жыл, 31 нау­рыз) қайтыс болды».

Демек, кесене 1262 жылы шәйіт болған Құтлығ-Тонга Ұлығ-Білге Иліг (Елік?) хан Дадбек Исфехсалар б. Ілияс ... Ұғыл бек әш-Шәһид Дадбек әт-Тарази деген кісіге арнап салынған екен. Мұндағы Құтлығ-Тонға Ұлығ-Білге – марқұмның лауазымы, әш-Шәһид – рухани мәртебесі, Тарази – тегі, өз аты – Дадбек Исфехсалар б. Ілияс болып шығады. Бұл жазуды кезінде Бартольд «Балық-Бұлға Ұлығ-Білге Иқбалхан Дәуітбек Исфехсалар б.Ілияс-Ұғылбек Шаханшах» деп оқыған еді. Көріп отырғанымыздай, жазуды оқуда біраз айырмашылық бар. Шамасы академиктің оқудағы қателігіне мазар тасын түсірген фотолардағы кемшіліктер себеп болса керек, сондықтан ескерткіште жазылған марқұмның аты, лауазымы мен тегіне қатысты талдауында жаңылысқанын көреміз. Бұл қателік қазірге дейін жалға­сып, жазудағы Дадбек лауазымы жа­ңы­­лыс оқылғандықтан, ескерткіш ел ара­сында Дәуітбек кесенесі деп аталып кетті.

Жазбада екі рет қайталанған Дад­бек сөзінің мағынасы парсы-түрік ара­лас лауазымға келеді. Мұндағы бек – түр­кінің сөзі, оның мағынасы түсінікті. Ал дад – парсы сөзі, ол жарлық, бұйрық дегенге келеді. Қазақтағы «Дат! Датың бол­са, айт» деген сөз осыдан шыққан. Кейінгі Қоқан тұсындағы датқа лауазымы да осы сөзге байланысты. Сонда Дадбек – жарлық, бұйрық беретін бек деген ұғымды білдіреді. Бұл атау Сал­жұқ және Хорезмшахтар тұсында көбі­рек кездеседі. Бұл орайда, Қожа Ахмет Ясауидің шәкірті, әйгілі ақын Ахмет Йүгінекидің «Һибат үл-хақаиқ» (Ақи­қат сыйы) мен «Атабат үл-хақаиқ» (Ақи­қат­тар тартуы) атты еңбегін «түрк және парсы елдерінің билеушісі Ұлы әмір Мұхаммед Дад Сипехсалар бекке арнауы» біздің пікірімізді қуаттай түседі. Мұнда айтылған Дад Сипехсалар бек негізінде Дадбек Исфехсалар түрінде жазылған болуы әбден ықтимал. Осы орайда ХІІ ғасырдың соңы мен ХІІІ ғасырдың басында өмір сүрген Ахмет Йүгінекидің еңбегін Қарахан билеушісі Дад Сипехсалар бекке арнауы, Дәуітбек кесенесінде жерленген адамның аты Дадбек Исфехсалар болуы, Қарахан текті «насапнамаларда» ордасы Отырарда орналасқан Қарахан билеушілерінің біріне қатысты «Мұхаммет ханның лақап аты Білге хан еді, оның ұлы Дадбек хан» түрінде жазылған деректердің кездесуі – Дадбек Исфахсаларға қатысы мәселенің басын аша түседі. Осылайша, Дәуітбек кесенесіндегі Дадбек Исфехсалар мен Ахмет Йүгінеки еңбегін арнаған Мұхаммед Дад Сипехсалар бір кісі деген болжам пайда болады.

Жазудағы тағы бір ескеретін жайт, Иліг (Елік?) хан деген атаудың Арслан Иліг Мансұр хан мен Дәуітбек кесене­сін­де жерленген кісіде бірдей кездесуі. Жалпы, Қарахан мемлекетіндегі әмір­ші­лер Бұғра хан және Иліг хан болып екіге бөлінетін. Сондықтан Қарахан мен Дәуітбек кесенелеріндегі кісілерді бір тектен тараған туыс билеушілер болған деуге де негіз бар.

Қарахан ұлы хан деген мағына бере­ді. «Афрасиабтың ұрпағымыз» деп санаған, таза түркілік тектен тарайтын бұл әулет өздерін ұлы хан – қара хан әулетіміз деп есептеген. Сондықтан халық арасында айтылатын Қарахан ата жалпы әулеттің ортақ атауы болып саналады.

Қарахан бабаның бейітіне жақын, Талас өзенінің аңғарына орналасқан Тектұрмас әулиенің мазары да – көнеден жеткен жәдігерлердің бірі. Тектұрмас әулие туралы және оның мазарының жергілікті халық тарапынан ерекше құрметке ие екені жөнінде кезінде генерал-майор Черняев өз жазбаларында баян еткен. Кейбір дерек көздері Тектұрмас әулиенің Қарахан әулетіне күйеу болғаны жайында сыр шертеді. Бұл да ауызша айтылып, халық жадында сақталып қалған шежіре-әңгімелердің бірі болса керек. Десек те, біздің ойымызша, Тектұрмас әулиенің расында Қарахан әулеті тұсында өмір сүруі және қуатты отбасынан шығуы әбден мүмкін. Өйткені қазіргі мазар орналасқан жер – Талас өзенінің аңғарына және аймақтың ең көрікті жерлерінің біріне орналасқан. Бір кездері бұл жерде әулиенің қылуеті, яғни жұрттан жырақ жалғыз қалып, Алла тағалаға мінәжат жасайтын, құлшылық ететін мекені болуы ықтимал. Ал кесене соның үстіне салынған болуы мүмкін. Бұл жерде біздің айтпағымыз – өзен жағасында, табиғат аясында, төмендегі жазық алақаныңдағыдай көрінетін биікте қылует салып, алаңсыз құлшылық жасау, Жаратқанға жалбарыну – елде сопылық дәстүрдің өркен жайып тұрған және кісінің де жағдайы жетіп тұрған кезде жүзеге асуы мүмкін. Өйткені қаланың іргесінен және ең көрікті жерінен орын алу – әр кезде әркімнің қолынан келе бермесі анық. Ол үшін әміршінің қалаулысы немесе халықтың құрметіне ерекше бөленген жан болуы керек шығар, сірә. Тектұрмас әулиенің шын аты белгісіз, халық қойған лақап аты Тектұрмыш әулие болса керек. Тектұрмыш тек, жалғыз, елден жырақ тұрған деген мағына береді. Біздіңше, жалғыз өзі елден жырақ кеткен тақуаны ел Тектұрмыш әулие деп атап, ол уақыт өте келе дыбыстық өзгеріске ұшы­рап Тектұрмас атала бастаған.

Осы орайда ойға Жүсіп Баласағұнидің «Құтадғу білік» атты кітабы оралады. Шы­ғармасына арқау етіп құтты білім мен кемел адамдық ұстанымды жырлаған бала­сағұндық бабамыздың «Одғұрмыш» деген кейіпкері бар. Елден, шаһардан жырақ кеткен дәруіш ретінде беріліп, қанағат пен оятушы бейнесін сомдайтын Одғұрмыш негізінде уәзірдің інісі, яғни текті, білікті отбасының мүшесі. Шығарма барысында дәруіш, елді ұйқыдан оятушы Одғұрмыштың әділ патша бейнесіндегі Күнтудымен, құт, бақыт бейнесіндегі уәзір Айтолдымен және ақыл, парасат бейнесіндегі уәзірдің баласы Өгділмішпен әңгімелері баяндалады. Осы әңгімелері барысында Одғұрмыш өзінің елден кету және байлық пен биліктен бас тарту себебін түсіндіре отырып, ел басындағы игі жақсы­ларға насихат айтады. Осылайша, бауыр­ларына тоқкөзді, қанағатшыл болу­ды өсиет етіп, өсек, өтіріктен, қома­ғай­лық пен ашкөздіктен, мақтан мен бекер мал шашпақтан сақтандырған Одғұрмыш тақуа тау басында жантәсі­лім етеді. Ғапыл­дардың жүрек көзін ашып, тірші­лік­тің шынайы мағынасын түсін­ді­ріп беріп кеткен Одғұрмыш өмірден озғанда жақындары аза тұтып, әділетті, қайырымды патша қайғырып, халқы қара жамылады. Әрине біз бұл жерде Тектұрмыш пен Одғұрмыш атауларының ұқсастығын ғана алға тартқалы отырған жоқпыз. Тіпті, шығармаға арқау болған тұлғалардың шынайы өмірде болмаған, бейнелік атаулар болуы да әбден мүмкін. Дегенмен, ұлы қаған шах-Мансұрды айтпаған күнде, Тәңірінің құлы Құлбақ пен Тектұрмыш әулиенің өмір жолы мен дәруіш Одғұрмыштың тағдыры арасындағы ұқсастық арнайы зерттеуге тұрарлық тақырып. Бұл ретте Қаш­қар­лы Махмұтпен тұстас өмір сүріп, шығармаларын бір дәуірде жазған Жүсіп Баласағұнидің алғаш рет сопылық ілім­де­гі басты тұлға – кемел адамның, Абай­ша айтқанда «толық адамның» обра­зын жа­сауының өзі біраз жайттан хабар бер­ген­дей.

Әділетті патша Харун Рашид немесе тағын тәрк еткен тақуа Ибрахим бин Адхам сияқты әулие туралы әртүрлі аңыз-әңгімелер мұсылман халықтардың жадында сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа айтылып келе жатқаны белгілі. Сол сияқты әуелі халықтың қамын жеп, қан майданда шайқасқан, еліне әділ патша болған, кейін тақуа болып өмірден өткен Қарахан баба мен оның жары Айша бибі туралы аңыз-әпсаналар да ғасырдан-ғасырға жетіп, үзілмей келеді. Аңыздың айғағы, Қарахан мемлекеті тұсынан қалған асқақ сәулет туындысы Айша бибі кесенесі – әйелге арналған әлемдегі алғашқы ескерткіштің бірі. Кейінірек осы кесене үлгісімен Бабырдың ұрпағы Жаһаншах әйгілі Тәж-Махалды салдыр­ған.

Заман зымырап өте береді. Дәуірдің доңғалағы диірмен тасындай айнала түседі. Ал Әулие атаның, Қарахан баба мен Айша бибінің, Дадбек пен Тек­тұр­мас әулиенің ескерткіштері алыстан мұн­артып, Баласағұни мен Иүгінекидің шы­ғармалары күн өткен сайын жаңа­ра береді. Жүз жасаған Жамбыл баба­мыз­дың «Атыңнан айналайын, Әулие ата» деп жырға қосып, тағзым еткені содан болар, сірә...


 

Дереккөз: egemen.kz


Тегтер: Әулиеата, тарих, кесене, ғалым, ислам, дін

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.