Президенттің кадрлық резерві – жастарға артылған сенім

13 Қараша, 2019 838 0

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауалды бағдарламасында ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Ә. Назарбаев 2015 жылы бастамашы болған бағдарламалық құжат — «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын негізге ала отырып, жастарға үндеу жариялап еді.  

Елімізде тиімді әрі кәсіби мемлекеттік аппарат қалыптастыру ісіне байланысты: "Сіздер ең үлкен армандарыңызды іске асыруларыңыз қажет. Бұл – менің басты міндетім. Жас әрі дарынды басшыларды мемлекеттік қызметтің барлық деңгейінде жоғарылату мақсатында президенттік кадрлық резерв жасақталады. Біздің жастарымыз еңбекқор, креативті, өз мақсатына жетуді біледі. Сондықтан Қазақстанның болашағы сенімді қолда", - деп атап көрсетті. Мен жасымнан мәдениет саласында, оның ішінде жас таланттардың арасында қызмет етіп келе жатқан азамат ретінде, Елбасы бастамасы мен Президент үндеуі жастар үшін тамаша мүмкіндік дер едім. Оған бірнеше себеп бар.

Ең әуелі «Президенттің кадрлық резерві» – еліміздің жоғары саяси ортасының жаңаруын білдіреді. Сондықтан, бұл жобаның ерекшелігі мен пайдасы орасан. Қазақстанда президенттің кадрлық резерві мемлекеттік қызметтің барлық деңгейіне жастарды тарту үшін құрылады.Бұл - іріктелген жастардың мансапта жетістікке жетуіне даңғыл жол ашылады деген сөз.                                                                                                                                   

Президенттік кадрлық резерв жасақтаудың  тиімді тұсы - мемлекет басшысы резервтің жастар үшін тиімді әлеуметтік лифтіге айналуы тиіс екенін айтқандығында. Ал мемлекеттік қызметшілер арасындағы кадрлық резерв «А» корпусы арқылы анықталады. Бұл – мемлекеттік басқару жүйесінің жаңарып, халықпен сенімді әрі ашық диалог жүруіне сеп болмақ. Президенттік резервті қалыптастырудың міндеті - шығармашылық және талантты жастарды іріктеу. Сәйкесінше, іріктелген жастар да әртүрлі салалардың өкілдері, түрлі кәсіп иелері. Олар міндетті түрде мемлекеттік қызметкер болуы шарт емес, квазимемлекеттік сектор, жекеменшік сектор, азаматтық қоғам өкілдері бола алады. Бұл білікті мамандардың тек мемлекеттік қызмет аясында қалып қоймайтындығына, халықпен етене тығыз байланыста боларына тағы бір мысал.

Кадрлық резерв мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыра ма? Біз, орта буын осы сұраққа нақты жауап бере алуымыз қажет. Өзім де мемлекеттік қызмет саласында жүрген адам ретінде, «иә» деп айтар едім. Біз көп мысал ететін дамыған  елдерде білікті кадрды жоғары бағалайды. Олар осы бағытта ретті талдауларды жүйелі жүргізіп отырады. Батыс елдеріндегі басты корпорациялар кадрлық резервті дайындауға көп көңіл бөледі. Яғни, кадр әзірлеуден бұрын әр қызметкердің кәсіпорын келешегіне қосар үлесі ерекше ескеріледі. Осыны мысал ете отырып, елге оралсақ. Тәуелсіз мемлекетіміздің  болашағына кімнің үлесі молырақ тиер еді? Әрине, қазіргі жас мамандардың. Бұл тұрғыдан басқару жүйесінде жас, талантты, еңбекқор жастардың көп болуы өте маңызды.                                                                                                                           

Біз бір нәрсеге баса мән беруіміз қажет. «Президенттің кадрлық резервіндегі» 35 жасқа дейінгі азаматтар еліміздегі және шетелдегі оқу орындарының белсенді студенттері болған. Яғни болашақта ел тізгінін ұстайтын жастар оқу орнының табалдырығын жаңа аттаған студенттер арасында да бар. Сондықтан Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы бұл ауқымды тақырыпты айналып өтпейді. Қазірдің өзінде жастардың өзін-өзі басқаруына күш салынуда. Мәселен, жастар бастамаларын қолдау жөніндегі мемлекеттік бағдарламалар жастардың зияткерлік, шығармашылық және инновациялық әлеуетін дамытуға, олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға серпін берді. Студенттер арасында Жастар ісі жөніндегі ұйым жұмыс істеуде. Бұл жоғары оқу орнын аяқтаған соң, жас маманның креативті ойлап, қоғамдағы белсенділігін арттыруға жол бермек. Академияда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттерге үлкен көңіл бөлінеді. Мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының негізгі аспектілерін студенттерге түсіндіру үшін жастардың азаматтық ұстанымдарын анықтауға мүмкіндік беретін пікірталас алаңы құрылуда. Ел болашағына қарқынды үлес қосу жолында Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматы қаласы бойынша департаментімен бірлесе, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты жүзеге асыру мен мәдениетті қалыптастыру мақсатында «Саналы ұрпақ» республикалық жобасы іске қосылып, өз жұмысын бастап кетті. Бұдан да басқа жастарға қанат бітірер жобалар баршылық. Осынау игі шаралар ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолдауымен дәл уақытында іске асып жатыр. Бұл біздің елдің жастары, оның ішінде жас мемлекеттік қызметшілер ел ісіне, басқару ісіне дайын екендігінің тағы бір айғағы. Президенттің кадрлық резервіне еніп, алдына асқақ арман мен межелі мақсат қойған жастарға сәттілік тілеймін!



Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Ақан Абдуалиев





Тегтер: «100нақтықадам», құжат, президенттіккадрлықрезерв

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.