Ақтөбеде тіл мамандары біліктіліктерін шыңдады

22 Қараша, 2019 160 0

Ақтөбе қаласында тіл мамандары біліктіліктерін шыңдады.

Ақтөбеде Шайсұлтан Шаяхметов атындағы "Тіл-Қазына" ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен "Мемлекеттік тілді меңгертудің үздік тәжірибелері" атты республикалық семинар-тренинг өтті.

Семинарға тіл саясаты комитетінің бас сарапшысы Айнагүл Көкенова Қожаназарқызы, Шайсұлтан Шаяхметов атындағы "Тіл-Қазына" ұлттық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры Әлібек Асқар, орталық бас директорының кеңесшісі Оразкүл Асанғазы, орталық директорының орынбасары Лиза Есбосынова, Ақтөбе облысының тілдерді дамыту басқармасының басшысы Гүлайым Төлебаева, Ақтобе облысы тілдерді оқыту орталығының директоры Клара Серғазина және әдіскер ғалымдар, тіл мамандары, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалалары және облыс орталықтарындағы мемлекеттік тілді оқыту орталықтарының мамандары қатысты.

Шараның бас мақсаты – мемлекеттік тілді оқытудың әдістемесін жетілдіру мақсатында шет тілдерді оқытудың үздік әдіс-тәсілдерінің тиімділігін анықтау және тілдерді оқытудың озық тәжірибелерімен алмасу, заманауи мультимедиялық технологияларды қолданудың әдіс-тәсілдерін таныстыру.

Семинарда EDTECH халықаралық білім орталығының бас директоры, философия докторы (Ph.D) Ғани Бейсенбаев  "Тіл оқытуда психологияның тиімділігі" тақырыбында тренинг өткізіп, тілді меңгертуде адамның психологиялық ерекшеліктеріне тоқталып, тіл үйренудегі тиімді және нәтижелі әдістерімен бөлісті. Ал Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Шет тілдерінің теориясы мен тәжірибесі кафедрасының философия докторы (Ph.D) Ляззат Бейсенбаева мемлекеттік тілді халықаралық тәжірибеге сүйене отырып  эклектикалық, вербалды тәсілдер арқылы, ситуациялық тілді оқыту, қоғамдық қатынас ішінде оқыту, үнсіз жолмен оқыту сияқты заманауи әдіс-тәсілдері арқылы үйретудің оңтайлы әрі тиімді жолдарын көрсетті. 

Сонымен қатар Ақтөбе қаласы Назарбаев зияткерлік мектебінің ағылшын тілі пәнінің оқытушысы Айнагүл Уразалина тіл оқытуда өз бетімен жаңалық ашуға және ізденуге негізделген оқытудың көптеген элементтерін қамтитын тілге терең бойлау әдіс-тәсілдерімен таныстырса, Ақтөбе облысының Тілдерді оқыту орталығының оқытушысы Гүлсайран Төлегенова қазақ тілін оқытуда ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолданудың тиімді жолдарын көрсетті.

Қарағанды облысы ресурстық тіл орталығының оқытушысы  Фариза Боранғазы мемлекеттік тілді оқытудағы Қарағанды облысы ресурстық тіл орталығының тәжірибесімен бөліссе, Қызылорда облыстық тілдерді оқыту орталығының оқу-әдістемелік бөлім басшысы Әсел Бахытова орталық жұмысын сандық жүйеге көшірудегі Қызылорда облысының тәжірибесін таныстырды.

Шара барысында ұсынылған озық технологиялар мен жаңашыл әдістер, шет тілдерін оқытудың үздік әдіс-тәсілдері, шет тілінің мамандарымен өзара тәжірибе алмасу жұмыстары қазақ тілі оқытушыларының әдістемелік біліктерінің шыңдалуына мүмкіндік берді.

Шара соңында семинар қатысушыларына ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің алғысхаттары мен сертификаттары табысталды.

Тегтер: Ақтөбе, жаңалықтар, тілмаманы

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.