Арман Әлменбет: екі жақты қолдаудың арқасында әншілер өте көп ақша тапты

09 Желтоқсан, 2019 140 0

Кеше "Екі жұлдыз" туралы пост жаздым ғой. Содан қарасам, біз әншілерді жамандаймыз, ал шынында әншілер біраз жұмыс бітірді, бәріміз сөйтіп жұмыс істесек, дамып кетер едік деген постты көріп қалдым. Соған байланысты да жаза салайыншы енді.

Әншілерді осыған дейін халық қолдап келді. Той жасап, жақсылап ақысын төлеп дегендей. Халыққа қызық болған соң (әлде басқа қитұрқы себептері бар ма), БАҚ та, әсіресе телеарналар қатты әспеттеді. Идеологияға жауапты адамдар осыған жол берді.

Жол бергеніңіз не, айтпақшы, билігіміз оларға әртүрлі сыйлықтар беріп те қолдап отырды ғой. Нұр-Отанға тартты, ән айтқызды дегендей.

Осындай екі жақты қолдаудың арқасында әншілер өте көп ақша тапты. Адам өзі ақша тапқан сайын жұмысты жақсы істейді. Өзін-өзі күтеді, плацкартпен емес, ұшақпен, автобуспен емес, жайлы көлікпен жүреді дегендей. Одан кейін ақша тапқан адамның айналасына қолынан іс келетін адамдар жиналады. Олар өздеріне де, ана адамға да ақша табады. Осылай шаруа дөңгелей береді.

Енді бір ғалымды алып көріңіз. Оны не үкімет қолдамайды; телеарнаңызға рейтинг керек, ал ақылды сөз қашан да азшылықтың қажеті, сондықтан ондай адамды жолатпайды; тойға барса да қадірі жоқ, байғұс ең сорлы адам осы ғалым болып шыға келеді. Бір мықты журналист бар дейік, оның да жағдайы соның о жақ-бұ жағы боп шығады. Өсек қуса, өзі де бір ұятсыздау болса, онда кішкене шанс бар енді.

Ақша түспеген іс алысқа бармайды. Бір-екі аттап, алқынады да, қалады сомен. Ойлы, пайдалы іс бітіретіндер түк бітіре алмай жүргені содан. Техникалық саладағы басы істейтін мықты жігіттер Ресейге, одан әрі АҚШ-қа кетіп жатқаны содан.

Мүлде мүмкіндік жоқ деген сөз емес, әрине бірдеңелер істеуге болады, істеліп те жатыр. Бірақ олар әншілерге берілген мүмкіндікпен салыстыруға келмейді деймін ғой баяғы.


Арман ӘЛМЕНБЕТТІҢ фейсбук парақшасынан алынды

Тегтер: арман, әлменбет, пост, фейсбук, қоғам

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.