Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі А.С. Смадияровтың брифингі

09 Желтоқсан, 2019 134 0

Мазмұны:

1) ҚР Сыртқы істер министрінің АҚШ-қа ресми сапары туралы;

2) «Азия-Еуропа» форумы Сыртқы істер министрлерінің 14-ші кеңесі туралы;

3) Астана процесі шеңберінде Сирия бойынша келіссөздердің 14-ші раунды туралы;

4) ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның «дөңгелек үстелі» туралы;

5) ТҮРКСОЙ-дың 2020 жылды Абай жылы деп жариялауы туралы.

 

1.      ҚР Сыртқы істер министрінің АҚШ-қа ресми сапары туралы

12-13 желтоқсанда ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердінің Америка тарапының шақыруы бойынша Америка Құрама Штаттарына ресми сапары жоспарлануда.

Сапар аясында Мемлекеттік хатшы Майк Помпео, Үкімет, АҚШ Конгресі және Дүниежүзілік банктің ресми өкілдерімен кездесулер қарастырылған.

Жоспарланған келіссөздер барысында екіжақты және өңірлік күн тәртібіндегі кең ауқымды мәселелер талқыланатын болады.


2.      «Азия-Еуропа» форумы Сыртқы істер министрлерінің 14-ші кеңесі туралы

15-16 желтоқсанда Мадрид қаласында (Испания) ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді «Азия-Еуропа» форумына қатысушы елдердің Сыртқы істер министрлерінің «Азия және Еуропа – бірге тиімді көпжақтылық үшін» тақырыбына арналған 14-ші кеңесіне қатысады.

Іс-шараға Азия мен Еуропаның, сондай-ақ Еуропалық Одақ пен АСЕАН-ның 51 елдерінің сыртқы саяси ведомство басшыларының қатысуы жоспарлануда.

Форум барысында халықаралық күн тәртібіндегі ең өзекті мәселелер, соның ішінде Азия мен Еуропа елдері арасындағы өзара байланысты нығайту, тұрақты даму, климаттың өзгеруі, ядролық таратпау, киберқауіпсіздік, Сириядағы, Ауғанстандағы жағдайлар және т.б. мәселелер талқыланады.

Қазақстан СІМ басшысының Сыртқы істер министрлері кеңесі алаңында «Азия-Еуропа» форумына қатысушы елдердің сыртқы саяси ведомстволарының басшыларымен бірқатар екіжақты кездесулері жоспарланған.


3.      Астана процесі аясындағы Сирия бойынша келіссөздердің 14-ші раунды туралы

10-11 желтоқсанда Нұр-Сұлтанда Астана процесі аясында Сирия бойынша жоғары деңгейдегі 14-ші халықаралық кездесу өтетіні мәлім.

Сирия бойынша Астаналық процестің барлық тараптары келіссөздерге қатысатынын растады және біздің елордамызға келе бастады. Олардың арасында кепілгер-мемлекеттердің делегациялары – Ресей, Түркия және Иран, Сирия үкіметі мен Сирия қарулы оппозициясы бар.

Кездесуге бақылаушы ретінде БҰҰ-ның Сирия жөніндегі Бас хатшысының Арнайы өкілі Гейр Педерсеннің басшылығымен БҰҰ делегациясы қатысады.

Ресей делегациясын Сирия бойынша РФ Президентінің Арнайы өкілі Александр Лаврентьев басқарады. Иран делегациясы елдің Сыртқы істер министрінің саяси мәселелер жөніндегі аға көмекшісі Али Асгар Хаджидің басшылығымен қатысатын болады.

Іс-шара басталғанға дейін бір күн бұрын кепілгер-елдердің өкілдері сарапшылар деңгейінде екі жақты және үш жақты консультациялар өткізуге ниетті. Пленарлық отырыс барлық тараптардың қатысуымен 11 желтоқсанға жоспарланған.


4.      ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның «дөңгелек үстелі» туралы

10 желтоқсанда ҚР Сыртқы істер министрлігінде Халықаралық Адам құқықтары күніне арналған Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның «дөңгелек үстелі» өтеді. Іс-шара ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың төрағалық етуімен өтіп, оған Қазақстанда аккредиттелген халықаралық ұйымдар мен дипломатиялық корпустың өкілдері қатысады.

Дөңгелек үстел барысында Қазақстан Республикасының Конституциясымен және қолданыстағы заңнамасымен кепілдік берілген адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын іске асыру, халықаралық стандарттарға сәйкес адам құқықтарын қорғаудың ұлттық тетіктерін жетілдіру мәселелері бойынша пікір алмасу өтеді. 


5.      ТҮРКСОЙ-дың 2020 жылды Абай жылы деп жариялауы туралы

30 қарашада Қырғызстанның Ош қаласында Түркі мәдениеті халықаралық ұйымына (ТҮРКСОЙ) мүше мемлекеттердің мәдениет министрлерінің Тұрақты Кеңесінің 37-ші отырысы өтті.

Қазақстан тарапының ұсынысы бойынша ТҮРКСОЙ Тұрақты кеңесі келесі жылды «Қазақтың көрнекті ақыны және ағартушысы Абай Құнанбайұлы жылы» деп жариялады. Абайдың 175 жылдығына орай ТҮРКСОЙ аясында 2020 жылы бірқатар іс-шаралар өткізу жоспарлануда.

Тегтер: А.С.Смадияров, брифинг, Сыртқыістерминистрлігі

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.