Аймақтар

Қауіпсіз қоғам – Түркістан тұрғындарының ортақ жауапкершілігі

Түркістанда отбасы мен қоғам қауіпсіздігіне бағытталған нақты істер жүзеге асып жатыр. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, сондай-ақ экстремизмнің алдын алу – құқық қорғау органдары мен жергілікті биліктің басты назарында. Қалада азаматтардың құқықтық сауатын арттыру, қоғамдық сенімді күшейту және «Қауіпсіз қоғам» идеясын орнықтыру бағытында жүйелі жұмыс жалғасуда.

 Отбасылық зорлық-зомбылықпен күрес – басты назарда

Әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау – құқық қорғау органдары жұмысының маңызды бөлігі. Түркістан облыстық полиция департаменті мен қалалық әкімдік бұл бағытта бірлескен іс-шараларды тұрақты түрде өткізеді.

Облыстық ПД Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Жанар Қалабаеваның айтуынша, жыл басынан бері өңірде 5000-ға жуық хабарлама тіркеліп, 3153 қорғау нұсқамасы шығарылған. Осы орайда «Тұрмыс» және «Есептегі тұрған тұлғалар» атты жедел-профилактикалық іс-шаралар өткізіліп, «Отбасында зорлық-зомбылықсыз – Қазақстан!» флешмобы мен «Бақытты отбасы – бақытты ел» акциясы ұйымдастырылды. Нәтижесінде аса ауыр қылмыстардың деңгейі 87,5 пайызға төмендеді.

Қазіргі таңда Түркістанда зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсететін 50 дағдарыс орталығы мен 17 аудандық отбасын қолдау орталығы жұмыс істейді. Бұл орталықтар жәбірленушілерге психологиялық, әлеуметтік көмек көрсетіп қана қоймай, агрессорларды оңалтуға бағытталған бағдарламаларды да жүзеге асырады. Сонымен қатар, қалада құқық қорғау органдары мен психологтар бірлесіп «отбасылық кеңес беру», «құқықтық сауаттылық сабақтары» сияқты ақпараттық және профилактикалық іс-шараларды тұрақты жүргізуде.

 Экстремизмнің алдын алу және қоғам қауіпсіздігі

Құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында Түркістан облысы полиция департаментінің Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы белсенді жұмыс жүргізеді. Полицейлер қаладағы діни әдебиеттер мен заттарды сататын орындарға барып, заң талаптарын түсіндірді. Діни өнімдерді тек арнайы рұқсат етілген жерлерде – ғибадат үйлері мен діни білім беру ұйымдарында ғана сатуға болатыны ескертілді.

Сонымен қатар тұрғындармен кездесулер өткізіліп, әлеуметтік желілер мен интернет кеңістігінде заңсыз ақпарат тарату үшін жауапкершілік бар екені түсіндірілді. Бұл шаралар азаматтардың құқықтық сауатын арттырумен қатар, қоғамда діни тұрақтылық пен төзімділікті сақтауға бағытталған. Қала мектептері мен жоғары оқу орындарында экстремизмнің алдын алу бойынша дәрістер мен семинарлар ұйымдастырылып, жастарға құқықтық білім беруге ерекше мән берілуде.

 Жүйелі жұмыс пен қоғамдық сенім

Түркістан қаласы – еліміздің рухани орталығы ғана емес, қоғамдық тұрақтылықтың символына айналып келеді. Мұнда құқық бұзушылықтың алдын алу, заң үстемдігін қамтамасыз ету және әділдік қағидаларын орнықтыру бағытындағы жұмыстар үнемі бақылауда.

Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлының айтуынша:

«Балалардың, отбасының және қоғамның қауіпсіздігі – біздің басты міндетіміз. Бұл тек бір мекеменің емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Әр сала өз деңгейінде нақты әрі нәтижелі жұмыс атқаруы қажет».

Осы қағиданы басшылыққа алған жергілікті билік пен құқық қорғау құрылымдары қоғаммен тығыз байланыста жұмыс жүргізіп, халықтың сенімін арттыруда. Алдағы уақытта Түркістан қаласында «Қауіпсіз қоғам» жобасы шеңберінде қоғамдық тәртіпті нығайту, құқық бұзушылықтардың алдын алу және азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасын табады.

Сонымен қатар, қалада қоғамдық қауіпсіздікті арттыру мақсатында волонтерлер мен еріктілердің қатысуымен «Құқықтық кеңес беру апталығы» және «Отбасы – қоғам тірегі» сияқты арнайы акциялар ұйымдастырылып, азаматтар тікелей құқық қорғау органдары өкілдерімен кездесіп, өз сұрақтарына жауап ала алады. Мұндай жүйелі жұмыс Түркістан қаласының тұрғындарына заңға деген сенімді күшейтіп, қоғамда қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтуға зор ықпал етеді.