Жаңалықтар

Аутизм мен онкологияны «ата-ананың азғындығынан» деп түсіндірген блогер дауға қалды

«Бұның бәрі азғындықтың салдары!»

Осылай деп блогер gulnara.blogger лақап атымен танылған әйел балалар арасындағы мүгедектік санының өсуін түсіндірмек болды.

Оның айтуынша, аутизм, онкология және өзге де ауыр дерттер — «ата-ананың бұзылған өмір салты үшін төленетін құны».

Блогердің бұл мәлімдемесі әлеуметтік желіде қызу наразылық тудырды. Ерекше күтімді қажет ететін балалардың ата-аналары, заңгерлер мен құқық қорғаушылар оны жауапқа тартуды талап етті.

Блогер өз сөзінде «рухани заңдылыққа» сүйене отырып, «дұрыс өмір сүрмейтін» әйелдердің патологиясы бар балаларды дүниеге әкелетінін айтты. Ол өз ойларын жеке бақылаулары мен ел арасында жүрген әңгімелерге негіздегенін жеткізіп, ауыр сөздер қолданған. Баласында аутизм бар көптеген ана бұл пікірді адамдық қадір-қасиетті қорлау деп бағалады.

Көп сыннан кейін ол видеоны өшіргенімен, араға көп салмай мазмұны ұқсас жаңа бейнеролик жариялаған. Видео үзінділері әлеуметтік желіде кең таралып кетті.

Оқиғаға балалар омбудсмені де үн қатып, полицияға жүгінгенін хабарлады:

«Дискриминацияға жол берілмейді. Кемсіту – қылмыстық жауапкершілікке әкеледі», — деді Динара Закиева.

Жалпы арызға бастамашы болғандардың бірі — блогер Перизат Қошкимбаева. Оның айтуынша, ерекше балалардың аналары бірігіп, ұжымдық шағым дайындап жатыр.

«Бұл — пікір емес. Бұл — қылмыс. Оқшаулану, кемсіту, жала жабу. Ешкім біздің балаларды қорлауға құқылы емес», — деді ол.

Бұған дейін Алматыда блогер Райхан Жұмамуратоваға қатысты да қылмыстық іс қозғалған еді. Ол «аутизммен ауыратын балалар емделмесе, оларды өлтіру керек» деген пікір айтқан. Қазір ол әйелге қатысты зорлық-зомбылықты насихаттау және араздық қоздыру бабы бойынша тергеу жүріп жатыр.