Министрдің айтуынша, әлемдік трендтерге сай 2036–2040 жылдары жүк көліктері толықтай электр қуатымен жүруге және автопойыз форматында, яғни жүргізушісіз қозғалу мүмкіндігіне ие болмақ.
«Әлемде жүргізушісіз такси кеңінен қолданыла бастады. Жүк көліктерінің де пилотсыз режімге өтуі жақын. Біз жол салғанда осы технологияға бейімдеп, автономды көліктер жүре алатындай арнайы сенсорлық инфрақұрылым орнатуды көздейміз», – деді ол.
Қазір Көлік министрлігі ЕАЭО елдерімен бірлескен пилоттық жобаны іске қосу мәселесін талқылап жатыр. Мұндай жоба іске асса, шекара бекеттеріндегі ұзын-сонар кезек те айтарлықтай қысқаруы мүмкін.
«Өткізу пункттерінде паспорттық бақылауға байланысты жүк көліктері жиі тұрып қалады. Ал жүргізушісіз көлік болса, рәсімдеу процесі әлдеқайда жылдамдайды. Егер 2027 жылы көрші елдермен бірге пилоттық жобаны бастасақ, Қазақстанның транзиттік әлеуеті еселеп артады», – деді министр.
Сарапшылар автономды жүк көліктерінің басты артықшылықтарын атап өтеді:
– жүк тасымалының құны төмендейді, себебі жүргізушінің еңбекақысына шығын шықпайды;
– тәулігіне 24 сағат тоқтамай жүре алады, бұл тасымал жылдамдығын үш есеге арттырады;
– экологиялық жүктемені азайтады.
Қысқасы, жүргізушісіз жүк көліктері Қазақстан логистикасына жаңа серпін беруі мүмкін.