Қазақстанның жер қойнауынан тағы мол қазына табылды
Қазақстанда жүргізілген геологиялық барлау жұмыстарының нәтижесінде алтын қоры 98 тоннаға, мыс қоры 36 мың тоннаға, ал фосфорит қоры 1,3 миллион тоннадан астам көлемге артты. Бұл туралы Үкіметтегі баспасөз мәслихатында өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Иран Шархан мәлімдеді.
Оның айтуынша, алғаш рет мемлекеттік есепке бес жаңа кен орны алынған. Олар — Көк-Жон, Алтын-Шоқо, Самомбет, Студенческий және Такыр-Қалжыр.
Вице-министр Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ел аумағын геологиялық және геофизикалық тұрғыдан зерттеу жұмыстары кеңейтіліп жатқанын атап өтті. Қазіргі таңда 2 миллион шаршы шақырымнан астам аумақ зерттелген. 2026 жылға қарай бұл көрсеткішті 2,2 миллион шаршы шақырымға жеткізу жоспарланып отыр.
Сондай-ақ, Қазақстанның Қарағанды облысында сирек жер металдары бар перспективалы учаске анықталғаны хабарланды.