Риддерде такси жүргізушісі баланы қағып, кейін кетіп қалған
Риддер қаласында такси жүргізушісі көпқабатты үйдің ауласында алты жастағы баланы қағып кетіп, оның ауыр жарақат алмағанына көз жеткізген соң оқиға орнынан кетіп қалған. Оқиға Төртінші шағынауданда орналасқан тұрғын үйлердің бірінің ауласында болған.
Куәгерлердің айтуынша, жол-көлік оқиғасы түскі сағат 13:00 шамасында тіркелген. Жүргізуші баланы қағып кеткеннен кейін біраз уақыт тоқтап, баланың жағдайын бақылағанымен, кейін оқиға орнын тастап кеткен.
Кейінірек такси жүргізушісінің жеке басы анықталып, ол Риддер қалалық полиция бөліміне жеткізілді.
Қала әкімдігінің мәліметінше, зардап шеккен бала ауруханаға жатқызылған. Дәрігерлер оның жағдайы тұрақты екенін, кеуде қуысы соғылғаны анықталғанын және барлық қажетті медициналық көмектің көрсетілгенін хабарлады.
Полиция оқиғаға байланысты тиісті сараптамалар тағайындалып, мән-жайы анықталып жатқанын мәлімдеді.