Air Astana ұшағы дәретханалардағы ақауға байланысты Фукуоктан қайта оралды
Air Astana әуе компаниясының Фукуок – Алматы бағыты бойынша ұшқан КС 162 рейсі барлық дәретханалардың істен шығуына байланысты ұшып шыққан әуежайға қайта қонды, деп хабарлайды newsroom.kz порталы компанияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«26 желтоқсанда Фукуок – Алматы бағытымен орындалған Air Astana әуе компаниясының КС 162 рейсі техникалық себеппен (ұшақтағы барлық дәретханалардың істен шығуы) ұшып шыққан әуежайға кері қайтты. Әуе кемесі жергілікті уақытпен сағат 10:04-те ұшып шығып, 14:14-те аман-есен қонды», – делінген жұма күнгі хабарламада.
Әуе компаниясының мәліметінше, қазіргі уақытта ақауды жою жұмыстары жүргізіліп жатыр.
«Рейстің ұшуы 27 желтоқсанға, жергілікті уақыт бойынша 04:00-ге қалдырылды. Жолаушыларға ыстық тағам мен сусындар ұсынылды. Сондай-ақ компания трансфер мен қонақүйге орналастыру мәселелерімен айналысып жатыр», – деп хабарлады Air Astana.
Компания өкілдері рейстің кешігуіне байланысты жолаушылардан келтірілген қолайсыздықтар үшін кешірім сұрады.