Жаңалықтар

Қазақстан 2026 жылдың соңына дейін  жаңа тоғыз ұшақ сатып алмақ

2026 жылы Қазақстан тоғыз жаңа әуе кемесін сатып алып, ішкі және халықаралық әуе қатынасын кеңейтуді жоспарлап отыр. Азаматтық авиация комитетінің төрайымы Салтанат Томпиеваның айтуынша, жыл соңына дейін әуе компанияларының ұшақтар паркі шамамен 118 бірлікке дейін ұлғаяды.

Сондай-ақ билік халыққа қолжетімділікті арттыру және туризмді дамыту мақсатында әлеуметтік маңызы бар 23 әуе бағытын субсидиялау бағдарламасын жалғастырады.

«2026 жылы Астана мен Шымкент әуежайларында екінші ұшу-қону жолақтарының құрылысы басталады. Алматыда ішкі рейстер терминалы қайта жаңғыртылады, ал Ақтау әуежайында перронға күрделі жөндеу жүргізіледі», — деді Салтанат Томпиева.

Халықаралық әуе қатынасына келсек, Орталық Азия және ТМД елдеріне рейстерді ашу және қайта жандандыру, сондай-ақ ұшу жиілігін арттыру көзделіп отыр.

Бұдан бөлек, Еуропа, Азия және Таяу Шығыс бағыттары бойынша да рейстер орындалады. Олардың қатарында Вена, Токио, Рим, Абу-Даби, Эр-Рияд, Даммам, Ларнака, Амман, Сиань, Шанхай, Үрімші, Қашғар және Варшава қалалары бар.