Жаңалықтар

Қаңтар ҰБТ-сы басталды: 187 мыңға жуық талапкер қатысады

Бүгін қаңтар айында өтетін Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) басталды. Тестілеу 10 ақпанға дейін жалғасады. Бұл туралы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды newsroom.kz.

Министрлік мәліметінше, қаңтардағы ҰБТ-ға 187 мыңға жуық адам өтініш берген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 20 мыңға көп. Талапкерлердің 75,2%-ы тестілеуді қазақ тілінде, 24,6%-ы орыс тілінде, ал 189 адам ағылшын тілінде тапсыруды таңдаған.

Атап өтілгендей, талапкерлер өтініш беру кезінде тестілеу күнін, уақытын және пунктін өздері таңдаған.

Ең танымал бейіндік пәндер

Ең көп таңдалған бейіндік пәндер комбинациясы — «Математика–Физика». Бұл бағытты талапкерлердің 19,2%-ы таңдаған. Аталған комбинация болашақ мұғалімдерге, инженерлерге, механиктерге, техниктерге, технологтарға, энергетиктер мен құрылысшыларға бағытталған.

Ал талапкерлердің 16,9%-ы «Биология–Химия», 9,7%-ы «Шығармашылық емтихан» пәндерін таңдаған. Бұл — медициналық және шығармашылық салаларға бейімделген талапкерлер.

ҰБТ форматы мен шарттары

ҰБТ барысында калькулятор, Менделеевтің химиялық элементтер периодтық жүйесі және тұздардың ерігіштік кестесі тестілеу бағдарламасында қолжетімді болады.

Тестілеу аяқталғаннан кейін талапкерлер 30 минут ішінде апелляцияға өтініш бере алады. Апелляция тапсырған талапкерлердің сертификаты апелляциялық комиссия шешімінен кейін жеке кабинетінде жарияланады.

Министрлік мәліметінше, 2026 жылы ҰБТ форматы өзгеріссіз қалады. Талапкерлер:

  • 3 міндетті пәнді,
  • 2 бейіндік пәнді тапсырады.
  • Тапсырмалар саны — 120:
  • «Қазақстан тарихы» — 20 тапсырма,
  • «Оқу сауаттылығы» — 10 тапсырма,
  • «Математикалық сауаттылық» — 10 тапсырма,
  • әр бейіндік пәннен — 40 тапсырмадан.
  • Ең жоғары балл — 140.
  • Тестілеу уақыты — 4 сағат (240 минут). Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін қосымша 40 минутуақыт қарастырылған.

Қаңтар ҰБТ-сына кімдер қатыса алады?

Қаңтардағы ҰБТ-ға:

  • жоғары оқу орындарына ақылы негізде қабылданғандар,
  • шығармашылық бағыттан басқа дайындық бағытына немесе педагогикалық бағытқа ауысқысы келетіндер,
  • өткен жылғы мектеп пен колледж түлектері,
  • ұлты қазақ, бірақ ҚР азаматы емес тұлғалар,
  • шетелде білім алған ҚР азаматтары,
  • мектеп бітіруші түлектер ақылы негізде оқуға түсу үшін қатыса алады.