Шымкентте қаза тапқан Нұрайдың ағасы сұхбат берді
Шымкентте қаза тапқан 21 жастағы Нұрай Серікбайдың ағасы бұл іс бойынша бұрын белгісіз болған жайттарды баяндады.
Марқұмның ағасы Сұлтанның айтуынша, күдікті Шерхан Нұрайды әлеуметтік желілер арқылы бақылап, тұрғылықты мекенжайы мен телефон нөмірін білген. Бұл туралы ол Jas Alash басылымына берген сұхбатында айтты.
Сұлтанның сөзінше, күдікті бір күні Нұрай оқып жүрген Алматы қаласына арнайы келіп, онымен сөйлескісі келетінін айтқан. Қыз сыртқа шыққан сәтте оны күшпен көлікке отырғызып, телефонды тартып алып, Шымкентке алып кеткен.
«Нұрай басқа қалаға жеткеннен кейін ғана туыстарымен байланысқа шығып, тұрмысқа шығуға қарсы екенін айтты. Кейін бәрі бірге аудандық полиция бөліміне барды. Сол жерде тергеуші мен Шерханның әкесі қызға қысым көрсетті. “Егер арыз жазсаң, ол бірнеше жылға сотталуы мүмкін” деп қорқытқан», – деп еске алады Сұлтан.
Оның айтуынша, Нұрайды «Шерханға ешқандай шағымым жоқ» деген мазмұнда түсініктеме жазуға мәжбүрлеген. Сонымен қатар, күдіктінің енді мазаламайтынына уәде берілген.
Сұлтан Нұрайды Алматыда оқуға өзі ертіп жүргенін де айтты. Алайда біраз уақыт өткен соң, оның қайтадан іздестіріліп жатқанын білген. Сол себепті Нұрай телефон нөмірін бірнеше рет ауыстыруға мәжбүр болған.
Қайғылы оқиға болған күні Нұрай отбасы мүшелерімен бірге кешкі ас ішіп, кейін дүкенге шыққан. Дәл сол сәтте Шерхан оған бірнеше рет пышақ жарақатын салған.
Марқұмның отбасы істің соңына дейін әділ тергелуін және кінәлі адамға ең қатаң жаза тағайындалуын талап етіп отыр.
Айта кетейік, бұл іс туралы Президент Тоқаев 5-ші Ұлттық құрылтайда пікір білдірген.