«Мемлекет басшысының жарлығымен Ертаев Асқарбек Маратұлы Қазақстан Республикасының еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болып тағайындалды», – делінген Ақорда хабарламасында.
Бұған дейін аталған министрлікке Светлана Жақыпова жетекшілік еткен. Бүгін Мемлекет басшысы оны қызметінен босатты.
Асқарбек Ертаевтың өмірбаяны
Асқарбек Ертаев 1977 жылы Ақтөбе қаласында дүниеге келген. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін, сондай-ақ «НҰР» Ақтөбе менеджмент, бизнес және құқық институтын бітірген.
Еңбек жолын 1997 жылы Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы әкімінің аппаратында маман болып бастаған.
2000–2014 жылдары банк секторында түрлі қызметтер атқарған.
2014 жылы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің Сауда комитетінде бас сарапшының міндетін атқарушы болды. 2014–2021 жылдары Ұлттық экономика министрлігінде бас сарапшы, басқарма басшысы, департамент директорының орынбасары және департамент директоры қызметтерін атқарды.
2021–2022 жылдары Президент Әкімшілігінің Қауіпсіздік кеңесіндегі талдау бөлімінің сектор меңгерушісі болды.
2022–2023 жылдары Премьер-министр кеңсесінің, Үкімет аппаратының экономика бөлімін басқарды.
2024 жылғы тамызда Асқарбек Ертаев еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі болып тағайындалған еді.