Балаларды шприцпен қорқытқан: Шымкент балабақшасында тәрбиешіге қатысты қылмыстық іс қозғалды
Шымкенттегі балабақшалардың бірінде тәрбиешінің балаларды шприцпен қорқытқан видеосы әлеуметтік желіде тарады. Бейнебақылау камерасынан тәрбиешінің балаларды ұйықтатуға мәжбүрлеп, ине көрсетіп үркіткені анық көрінеді.
Кадр сыртында ата-аналардың ашулы дауысы естіледі. Олар мұндай әрекет балаларға психологиялық жарақат салатынын айтып, алаңдаушылық білдірген.
Оқиға Шымкент қаласындағы №59 «Айша» мемлекеттік балабақшасында болғаны белгілі болды. Қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары Күлзина Уалиханованың айтуынша, бейнежазбада мектепалды «Бәйтерек» тобы тәрбиешісінің өрескел әрекеті тіркелген.
Оқиғадан кейін жедел кеңес өткізіліп, оған прокуратура, полиция, білім және денсаулық сақтау басқармаларының өкілдері, балабақша ұжымы мен ата-аналар қатысқан.
Шымкент қалалық полиция департаменті ата-аналардың шағымы негізінде тәрбиешіге қатысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Қазір істің барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Сонымен қатар, білім басқармасына балабақша меңгерушісін қызметтен шеттету, ал тәрбиешіні жұмыстан босату ұсынылды.