Тау символын үш күн бойы күзеткен: қар барысы туристерден қашып жүрді
Алматы маңында сирек кездесетін қар барысы (ирбис) үш күн бойы ғалымдардың қорғауында болды. Үлкен Алматы шатқалында төмен түскен жыртқыштың видеосы мен фотосы әлеуметтік желіде тарап, бұл жерге туристер, блогерлер мен фотоәуесқойлар жаппай ағылған.
Көпшілік қорғалатын аумақтың ережелерін өрескел бұзған: шулаған, ирбиске тым жақындаған, дрон ұшырған. Ал сол сәтте барыс олжасын күзетіп жүрген, адамдардың үздіксіз келуі жануарға қатты стресс тудырған.
Ғалымдар ұйқысыз, демалыссыз үш күн бойы ирбисті күзетіп, адамдарды кері қайтаруға мәжбүр болған.
Мамандардың айтуынша, таулардың символы да адам қызығушылығының алдында қорғансыз қалған. Кейін ирбиске спутниктік қарғыбау тағылып, қажетті анализдер алынған. Қазір ол бұл аумақтан кеткен.
Ғалымдар табиғат аясында өзін ұстау мәдениетін сақтауға тағы да шақырды: жабайы жануармен кездесу қауіпке емес, құрметке негізделуі тиіс.