Ақтөбеде өгей немересін зорлаған 64 жастағы ер адам 21 жылға сотталды
Ақтөбе қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты кәмелетке толмаған қызға қатысты ауыр қылмыс жасаған 64 жастағы ер адамға үкім шығарды.
Сот мәліметінше, сотталушы — қыздың туған атасы емес, әжесінің күйеуі. Тергеу барысында оның 14 жастағы мектеп оқушысын зорлап, соның салдарынан жасөспірімнің жүкті болып, бала туғаны анықталған.
Сот айыпталушыны Қылмыстық кодекстің:
- 120-бабы 4-бөлігі («Кәмелетке толмағанды зорлау»),
- 124-бабы 3-бөлігі («16 жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынасқа түсу»)
- бойынша кінәлі деп таныды.
Судья Алтынбек Сабыровтың үкімімен:
- айыпталушыға 120-бап бойынша 20 жыл,
- 124-бап бойынша 12 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып,
- жазалар жиынтығы бойынша түпкілікті 21 жылға соттау туралы шешім шығарылды.
Аталған резонансты жағдай 2025 жылдың күзінде Ақтөбе облысында тіркелген. Белгілі болғандай, жасөспірімнің жүкті екені тек босану кезінде ғана анықталған.
Бұған дейін облыстық білім басқармасы қыз баланың:
- 2025 жылғы наурызда аудандық ауруханада,
- мамырда жазғы лагерьге барар алдында,
- қыркүйекте ата-анасымен бірге тексеруден өткенін,
- алайда ешбір медициналық тексеру барысында жүктілік белгілері анықталмағанын хабарлаған еді.
Қазіргі таңда бұл дерек бойынша медицина қызметкерлерінің әрекетіне қатысты жеке тексеру жүргізілген.
Ақтөбе облыстық перинаталдық орталығының мәліметінше, жасөспірім салмағы 2770 грамм болатын ұл бала дүниеге әкелген, сәбидің жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланған.