Алматы қаласы бойынша Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің департаменті FlyArystan әуе компаниясына қатысты тергеу жүргізіп жатыр. Себеп — қол жүгінің артық салмағы үшін салынатын бірыңғай, өзгермейтін төлем.
Ведомство басшысы Нұржан Нұрланұлының айтуынша, компанияда артық салмақ 1 келі болса да, 5 келі болса да жолаушылар бірдей ақы төлейді.
— Яғни 1 келі артық жүк үшін де, 5 келі үшін де бірдей сома алынады. Ал өзге әуе компанияларының тәжірибесі нақты артық салмаққа қарай дифференцияланған төлем қолдануға болатынын көрсетіп отыр, — деді ол өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингте.
Агенттік өкілдері мұндай жүйе жолаушылардың құқығын шектейді және халықаралық тәжірибеге сай келмейді деп есептейді. Әуе тасымалдаушыға бәсекелестік заңнамасын бұзу белгілері бойынша ресми ескерту жолданғанымен, компания талаптарды орындамаған. Тергеу жалғасып жатыр.