Жаңалықтар

«Сексуалдық сипаттағы әрекет жасады»: Алматы тұрғыны курьер ісіне шағымданды

Қала тұрғыны өзін мазалады деп айыптаған курьердің ісі сотқа жолданды. inDrive оқиғаға қатысты тексеру жүргізіп, курьер аккаунтын бұғаттағанын мәлімдеді.

Алматы тұрғыны 14 ақпанда гүл жеткізген курьер тарапынан әдепсіз әрекетке ұшырағанын айтып, полицияға жүгінді. Оқиға бойынша іс сотқа жолданды.

Қыздың айтуынша, курьер кешкі сағат сегіз шамасында келген. Ол есікті ашып, гүлді бұрышқа қоюын өтінген.

«Ол үйге екі қадам ғана кірді. Сол сәтте маған қатысты сексуалдық сипаттағы әрекет жасады. Барлығы бірнеше секундта болды», — дейді ол.

Оқиғадан кейін қыз курьерге полицияға шағымданатынын жазған. Алғашында ер адам дөрекі жауап беріп, кейін хабарласып, жағдайды «түсінбеушілік» деп түсіндіруге тырысқан.

Алматы қалалық полиция департаменті мәліметінше, курьердің жеке басы анықталып, Бостандық аудандық полиция басқармасына жеткізілген. Іс материалдары сотқа жолданып, оның әрекетіне құқықтық баға берілмек.

Бастапқыда қыз әлеуметтік желіде курьерді «Яндекс» қызметкері деп көрсеткен, кейін жеткізуді inDrive курьері жасағанын нақтылады.

inDrive пікірі

Компания мәліметінше, оқиға туралы ақпарат түскен бойда ішкі тексеру басталған. Нәтижесінде тараптардың байланысы сервис сыртында, тікелей келісім арқылы болғаны және тапсырыс қосымша арқылы рәсімделмегені анықталған.

Соған қарамастан, компания мұндай әрекет мүлде жол берілмейтінін атап өтті. Курьердің аккаунты бұғатталған. Компания қызбен байланысқа шығып, шынайы өкініш білдіріп, психологиялық көмек ұсынған.

Сондай-ақ inDrive ресми сұрау түскен жағдайда құқық қорғау органдарымен ынтымақтасуға дайын екенін мәлімдеді. Компания пайдаланушылардың кері байланысы сервис қауіпсіздігін арттыру үшін маңызды екенін атап өтіп, қосымшадағы қауіпсіздік пен жайлылықты, соның ішінде әйелдер үшін, күшейту бағытындағы жұмысты жалғастыратынын жеткізді.

Компания тапсырыстарды міндетті түрде қосымша арқылы рәсімдеудің маңызын да еске салды. Бұл барлық тараптың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.