Тәркіленген жасыл Lamborghini Huracan аукционға шығарылды: бастапқы баға — 343,3 млн теңге
Бұрын мемлекеттік органдарға беру жоспарланған көлік енді сатылып, қаржы бюджетке бағытталады.
Жарқын жасыл түсті Lamborghini Huracan электронды сауда алаңына қойылды. Көліктің бастапқы бағасы — 343,3 млн теңге, ал ең төменгі сату бағасы — 57,2 млн теңге.
Аукцион 20 ақпан күні сағат 10:00-де E-Qazyna платформасында өтеді. Өтінімдер 09:55-ке дейін қабылданады.
Бұған дейін автокөлікті мемлекеттік органдарға беру мәселесі қаралған. Алайда кейін оны сатып, түскен қаржыны бюджетке аудару туралы шешім қабылданған.
Көлік Алматы облысы, Өтеген батыр ауылында. Жағдайы «қанағаттанарлық» деп бағаланған. Техпаспорт пен мемлекеттік нөмірлер жоқ.
БАҚ мәліметінше, бұл — 1Win онлайн-казино ісі аясында тәркіленген сол Lamborghini. Аталған іс бойынша 1,5 млрд теңгеден астам мүлікке тыйым салынған. Оның ішінде Maybach, Land Cruiser автокөліктері мен валюталық шоттар бар.