Жаңа Конституция бойынша референдум: бюллетень қандай болады?
Орталық сайлау комиссиясы жаңа Конституция жобасы бойынша өтетін референдумға арналған дауыс беру бюллетенінің үлгісін таныстырды.
Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы мүшесі Михаил Бортниктің айтуынша, бюллетеньнің пішіні мен мәтіні мемлекеттік және орыс тілдерінде әзірленген.
Дауыс беруге мынадай сұрақ шығарылады:
«2026 жылғы 12 ақпанда бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдайсыз ба?»
Жауап нұсқалары — «Иә, қабылдаймын» және «Жоқ, қабылдамаймын». Сайлаушылар таңдаған нұсқаның тұсындағы бос шаршыға кез келген белгі қоюы тиіс.
ОСК мәліметінше, бюллетеньдер арнайы полиграфиялық қорғаныс элементтерімен басылады. Олар офсеттік тәсілмен, арнайы түс пен қаріп қолданылып дайындалады. Басылым саны сайлаушылардың жалпы санына қосымша 1 пайыздық резервпен шығарылып, кейін учаскелік сайлау комиссияларына жеткізіледі.