Жаңалықтар

Алматыдағы коррекциялық орталықта «ерекше» балаларға күш көрсетілген

Алматыда ата-аналар коррекциялық орталықта ерекше қажеттілігі бар балаларға қатыгездік жасалғанын мәлімдеді.

Instagram желісінде блогер Перизат «Феникс» атты орталықта аутизм және өзге де диагнозы бар балаларға жүйелі түрде күш қолданылғаны туралы жазба жариялады.

Оның сөзінше, ата-аналар балалардың басынан таяқпен ұрылғанын, жұдырық жұмсалғанын және қорланғанын өз көздерімен көрген. Олар орталық қызметін жалғастырып, кінәлілер жазасыз қалуы мүмкін деп алаңдайды.

Блогер сондай-ақ мекеме қызметкерлерінің бір бөлігінің кәсіби біліктілігіне күмән келтірді.

«Кейбір жаттықтырушылардың профильдік білімі жоқ. Кез келген адам қысқа мерзімді курс өтіп, сертификат алып, ерекше балалармен жұмыс істей алады», — деп жазды ол.

Бұл жағдайға қатысты Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева тексеріс басталғанын хабарлады.

Ал Алматы қалалық полиция департаменті Алмалы аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғағанын растады. Қазір бейнебақылау жазбалары алынып, зерделеніп жатыр, қатысушылар мен куәгерлерден жауап алынуда, қажетті сараптамалар тағайындалған.

Ведомство мәліметінше, тергеу барысы департамент басшылығының бақылауында. Қорытындысы бойынша барлық қатысы бар тұлғалардың әрекетіне құқықтық баға беріледі.