Семейде «BalaPark» өртенді: шатыр құлап, аспанды қара түтін басты
Семей қаласының орталығындағы «BalaPark» балалар ойын-сауық орталығында ірі өрт шықты. Қаланың Қарағайлы ауданындағы Шугаев көшесінде орналасқан ғимаратты жалын толық шарпыған.
Куәгерлер түсірген бейнежазбаларда орталық төбесінен қою қара түтін будақтап, оттың қатты өршігені көрінеді. Әлеуметтік желілерде келушілердің, оның ішінде бала-шағаның ғимараттан жаппай шығып жатқан сәттері тарады.
Абай облысы Төтенше жағдайлар департаменті басшысы Манарбек Шапағатовтың айтуынша, өрт сөндірушілер жеткен кезде ғимарат толықтай ашық жалынмен жанып жатқан.
«Оқиға орнына келгенде нысан түгел отқа оранған еді. Әкімшілік өкілдерінің мәліметінше, өрт кезінде ғимарат ішінде адамдар болмаған. Қазір сөндіру жұмыстары жалғасуда. Құрылымның құлау қаупі бар, әсіресе екінші және үшінші қабат аралығы тұрақсыз», — деді ол.
Өрт кезінде ғимарат шатырының бір бөлігі опырылған. Келушілер мен қызметкерлер дер кезінде эвакуацияланған. Зардап шеккендер туралы ақпарат түскен жоқ.
Төтенше жағдай қызметі өрттің жоғары температура мен қалың түтін салдарынан күрделене түскенін хабарлады. Қала аспанын қара түтін басып, аумаққа арнайы техника мен су тасымалдау көліктері жұмылдырылған.
Қазір өртті толық бақылауға алу жұмыстары жалғасып жатыр.