Аймақтар

Сыр елінде жыр тойы: Алмасбек Алматовтың шығармашылық кеші өтті

Бүгін Қызылорда қаласындағы «Өнер орталығында» Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ ұлттық консерваториясының құрметті профессоры, жырау Алмасбек Алматовтың 70 жас мерейтойына арналған «Жыр керуен» атты шығармашылық кеш өтті,— деп хабарлайды newsroom.kz

Оған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, жазушы, тарихшы-этнограф, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қойшығара Салғараұлы, Халық жазушысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының төрағасы Жүрсін Ерман, ақын, Парламент Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан, Алмасбек Нұрмаханұлының үзеңгілес әріптестері мен елімізге белгілі шәкірттері, жауапты сала басшылары, зиялы қауым өкілдері қатысты.

Аймақ басшысы мерейтой иесінің төл өнерді өркендетуге қосқан үлесін атап өтіп, барша Сыр жұртшылығының атынан сый-құрмет көрсетіп, автокөлік кілтін тарту етті.

Сондай-ақ кеште  Жанарбек Әшімжан өнер қайраткеріне Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың құттықтауын табыстады.


 

«Сыр өңірі – талай марғасқа жыраулар мен тума таланттарды өмірге әкелген, жыраулық өнердің түп қазығы, алтын көмбесі, алып тайқазаны саналатын құтты мекен.

Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайдың бесінші қорытынды отырысында «Жалпы, «Сыр елі – жыр елі» деп бекер айтылмайды. Қорқыт ата заманынан жалғасып келе жатқан жыраулық-жыршылық және күйшілік өнер бұл аймақта кең қанат жайған. Жиенбай, Нұртуған, Нартай сынды саңлақтар негізін қалаған жыршылық мектептерді бүкіл еліміз біледі», – деп ерекше атап өткен болатын.

Сыр бойындағы жыраулық өнердің көрнекті өкілі, Сыр сүлейлерінің ізін жалғаушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, зерттеуші-ғалым, «Парасат», үшінші дәрежелі «Барыс» ордендерінің иегері, Қызылорда облысының құрметті азаматы Алмасбек Нұрмаханұлы Алматов мерейлі 70 жасқа толды.

Алмасбек Нұрмаханұлы – дәуір көшінде дара із қалдырған жыр алыптарының мұрагері, Сыр өңіріне ғана тән жыраулық дәстүрдің сабақтастығына айрықша еңбек сіңірген өнер қайраткері. Ағамыз жастайынан қолына домбыра алып «Алпамыс батыр», «Қобыланды батыр», «Қыз Жібек» сияқты елге кең тараған дастандарды жырлап, «жас жыршы» атанды. 

«Сыр сұлуы» ансамблі құрамынан басталған шығармашылық жолы белгілі жырау, ұлағатты ұстаз, өнер зерттеушісі, ғалым, қоғам қайраткері ретінде биік белестерге шығарды.
Егемендік алған жылдар ішінде ұлттық өнердің бұл түріне ерекше көзқарас қалыптасып, ата-бабаларымыздың асыл қазынасы жарқырай түсті. Алдағы уақытта да ұлттық өнеріміздің шамшырағы болып, келер ұрпаққа рухани мұра сыйлай беріңіз»,– деді Н.Нәлібаев.