Жаңалықтар

Ақпарат көп, сенім аз: AI дәуірінің басты мәселесі

Жасанды интеллект күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналды. UNESCO дерегінше, интернет қолданушыларының 56%-ы өзекті ақпаратты әлеуметтік желіден алады, 85%-ы онлайн-дезинформацияның ықпалына алаңдайды, ал жастардың 80%-ы AI құралдарын күніне бірнеше рет білім алу мақсатында пайдаланады.
Осы тақырып аясында біз «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегері, digital media және коммуникация саласының маманы Дамира Каримовамен сөйлестік,— деп хабарлайды newsroom.kz

– Дамира, көпшілік жасанды интеллект сауаттылығын әлі де тар техникалық ұғым деп қабылдайды. Бұл шын мәнінде не?

– Жасанды интеллект сауаттылығы – бұл бағдарламашы болу емес. Бұл адамға жасанды интеллект жасаған немесе өңдеген контентті түсіну, оған автоматты түрде сенбеу, оның қайдан шыққанын, не үшін жасалғанын және қаншалықты сенімді екенін бағалай алу қабілеті. Қазір басты сұрақ «AI-ды қолдана аламыз ба?» емес, «оны саналы қолдана аламыз ба?» болып отыр.

– Неліктен бұл дағды дәл қазір соншалықты маңызды болып кетті?

– Себебі AI ақпарат ағынын бұрынғыдан да жылдам, арзан және сенімді көрінетін етіп өзгертті. OECD жалған және жаңылыстыратын цифрлық контенттің қоғам әл-ауқатына қауіп төндіретінін, ал қасақана жалған ақпараттың поляризацияны күшейтіп, демократияға деген сенімді әлсірете алатынын атап өтеді. OECD-нің Truth Quest Survey зерттеуінде 21 елдегі 40 765 адамның нәтижелері қаралған, ал қатысушылар шынайы және жалған ақпаратты орта есеппен тек 60% жағдайда ғана дұрыс ажырата алған. Бұл адамдар өзіне сенімді болғанымен, іс жүзінде әрдайым дұрыс тани бермейтінін көрсетеді.

– Ендеше, қарапайым қолданушыға ең алдымен қандай дағдылар керек?

– Бірінші – сыни ойлау. Кез келген ақпаратты бірден қабылдамай, алдымен күмәнмен қарау керек. Екінші – дереккөзді тексеру: мұны кім жазды, қандай негізге сүйенді, басқа сенімді көздерде бұл ақпарат растала ма? Үшінші – эмоциялық манипуляцияны тану. Егер контент сізді қорқытып, ашуландырып немесе шұғыл шешім қабылдауға итермелесе, дәл сол сәтте тоқтап, қайта тексеру қажет. Төртінші – қарапайым фактчекинг: бірнеше дереккөзді салыстыру, сурет пен видеоны контекстпен қарау, тым мінсіз немесе тым сенімді көрінетін мәтінге де сақ қарау.

– Ата-аналар үшін жасанды интеллект сауаттылығы неге ерекше маңызды?

– Өйткені балалар мен жасөспірімдер AI құралдарын ерте және жиі қолдана бастады. UNESCO дерегі бойынша, жастардың 80%-ы AI сервистерін күніне бірнеше рет пайдаланады. Демек, ата-аналар енді тек экран уақытын бақылап қана қоймай, баланың көріп отырған контентінің сапасын да түсінуі керек. Бұл жерде ең маңыздысы – тыйым салу емес, цифрлық әдет қалыптастыру: балаға «мынау рас па?», «мұны кім жасады?», «неге бұлай берілген?» деген сұрақтарды үйрету.

– Яғни ата-ананың рөлі бақылаушыдан да кеңейіп отыр ғой?

– Әрине. Ата-ана енді тек шектеу қоятын адам емес, баланың цифрлық ортадағы навигаторы болуы керек. UNESCO-ның generative AI жөніндегі білім беру нұсқаулығы да бұл технологияны балаларға қатысты қолданғанда жас ерекшелігі, қауіпсіздік және мұғалімдер мен ересектердің даярлығы маңызды екенін көрсетеді. Яғни AI-ды еркін пайдалану ғана емес, оны жасқа сай және жауапкершілікпен қолдану мәдениеті керек.

– Ал студенттер үшін басты қауіп пен басты мүмкіндік қандай?

– Басты мүмкіндік – AI оқу процесін жеңілдете алады: идея жинауға, құрылым құруға, мәтінмен жұмыс істеуге, зерттеуді бастауға көмектеседі. Бірақ басты қауіп те осы жерде: студент AI-ды көмекші құрал емес, өз ойының орнына қолдана бастайды. Сол кезде талдау, салыстыру, дәлелдеу сияқты негізгі академиялық қабілеттер әлсірейді.

– Студентке нақты қандай дағдылар қажет?

– Төрт негізгі дағды бар. Біріншісі – AI-дың жауабын соңғы шындық емес, бастапқы нұсқа ретінде қабылдау. Екіншісі – академиялық адалдық: AI көмектесуі мүмкін, бірақ ойлау жауапкершілігін алмастырмайды. Үшіншісі – дереккөзбен жұмыс: AI берген мәліметті түпнұсқа құжатпен, зерттеумен немесе ресми көзбен тексеру. Төртіншісі – медиасауат: AI-generated мәтіннің, визуалдың немесе аргументтің қай жері сенімсіз екенін байқай алу. АҚШ Білім департаментінің 2023 жылғы есебінде де AI саясаты мен тәжірибесінің орталығында адамдар – ата-аналар, педагогтер және студенттер – тұруы керек екені атап көрсетілген.

– Сонда жасанды интеллект сауаттылығы дегеніміз тек технология туралы білім емес пе?

– Жоқ. Бұл – ақпараттық иммунитет. Адам AI-ды техникалық тұрғыда терең білмеуі мүмкін, бірақ ол жалған мен шынның айырмасын байқап, манипуляцияны сезіп, өз шешіміне жауап бере алуы керек.Бүгінде бұл қарапайым өмірлік дағдыға айналды.

– Бұл қоғам үшін нені өзгертеді?

– Егер қоғамда жасанды интеллект сауаттылығы әлсіз болса, жалған ақпарат жылдам таралады, адамдардың тұтынушылық және білім беру шешімдері бұзылады, жалпы сенім деңгейі төмендейді. Ал егер бұл дағды күшейсе, адамдар ақпаратты сүзгіден өткізе алады, балалар қауіпсізірек ортада өседі, студенттер AI-ды ақылдырақ қолданады, ал қоғам цифрлық өзгеріске әлдеқайда тұрақты бейімделеді. Сондықтан жасанды интеллект сауаттылығын тек жеке қабілет емес, қоғамдық тұрақтылықтың бір бөлігі ретінде қарау керек.

– Соңғы сұрақ: бүгінгі оқырманға бір негізгі кеңес берсеңіз?

– AI-дан қорықпау керек, бірақ оған таңғалумен де шектелуге болмайды. Ең дұрыс ұстаным – саналы сақтық. Яғни кез келген ақпаратты көргенде бір сұрақ қою: мен мұны неге шын деп қабылдап тұрмын? Дәл осы сұрақ бүгінгі цифрлық дәуірдегі ең маңызды дағдының бастауы.