Жаңалықтар

Қазақстанда 6 жаңа мұнай кен орны белгілі болды

2025 жылы Қазақстанда жалпы қоры 127 миллион тоннадан асатын алты жаңа мұнай кен орны мемлекеттік балансқа қойылды. Бұл туралы Мәжіліс кулуарында Энергетика вице-министрі Ерлан Ақбаров мәлімдеді,— деп хабарлайды newsroom.kz

Оның айтуынша, жаңа кен орындары негізінен еліміздің батыс өңірлерінде орналасқан.

«Өткен жылы бізде қоры 127 миллион тоннадан асатын алты кен орны балансқа қойылды. Олар негізінен Маңғыстау облысы мен Атырау облысы аумақтарында орналасқан. Басқа өңірлерде мұндай кен орындары жоқ», — деді ол.

Сондай-ақ, елімізде жалпы 15 шөгінді бассейн бар екені айтылды. Қазіргі таңда олардың тек бесеуінде ғана мұнай өндіру жұмыстары жүргізілуде, ал қалғандарында геологиялық барлау жалғасып жатыр.

Жаңа кен орындарындағы мұнай өндірумен негізінен қазақстандық компаниялар айналысады.

Бұған дейін Қазақстанда әлеуеті Қашаған кен орны деңгейімен салыстырылатын ірі карбонатты массив табылғаны хабарланған болатын. Геологиялық барлау жұмыстарының негізгі бағыты Жылыой карбонатты платформасы болып отыр. Бұл платформаға Қаратон, Қажығали және Жылыой учаскелері кіреді.