Туризм

Үкімет Алакөлді тексерді: қандай өзгерістер болды?

ҚР Премьер-министрінің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мен туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Жетісу облысындағы туристік инфрақұрылымның жазғы маусымға дайындығымен танысып, Алакөл жағалауындағы негізгі нысандардың жай-күйін тексерді,— деп хабарлайды newsroom.kz

Жұмыс сапарына орталық мемлекеттік органдардың, Үкімет аппаратының, салалық ведомстволардың өкілдері, сондай-ақ Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев қатысты.

Тексеру барысында Үкімет басшысының орынбасары қонақүй кешендері, кәріз-тазарту құрылыстары нысаны, Көктұма ауылындағы жағалауды бекіту учаскесі және Үшарал қаласының әуежайын аралады. Әр бағыт бойынша нысандардың қазіргі дайындығы мен жобалардың іске асу қарқыны жөнінде баяндалды.

Облыс әкімдігі жағалауды жазғы туристік маусымға дайындау бағытында ауқымды әрі жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Бұл жұмыстар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылуда. Президент өткен жылы да туристік аймақтарда тәртіп орнату, инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамыту, сондай-ақ инвесторлар үшін нақты қолайлы жағдай жасау мәселелеріне ерекше назар аударған болатын. Бүгінде бұл мәселе Мемлекет басшысының айрықша бақылауында. Атап айтқанда, жалпы ұзындығы 488 шақырымды құрайтын Талдықорған – Үшарал және Үшарал – Достық автомобиль жолдарын реконструкциялау аяқталып, жағалаудың көлік қатынасы едәуір жақсарған. Үшарал әуежайының ұшу-қону жолағын жаңғыртудан кейін ірі әуе кемелерін қабылдауға мүмкіндік жасалып, қосымша терминал салу жобасы да әзірленген.

Туристік аймақтың инженерлік инфрақұрылымы да едәуір нығайтылған. 57 шақырым электр желісі мен екі қосалқы станса құрылысы аяқталды. Бұл бұрынғы қуат тапшылығын жойып, алдағы кезеңге қажетті электр энергиясының қорын қалыптастыруға мүмкіндік берді. Ақши ауылында 69 шақырым кәріз желісінің құрылысы аяқталды. Ақши мен Көктұмадан шығатын ағын суларды қабылдап, тазалап, суды техникалық мақсатта қайта пайдалануға мүмкіндік беретін тазарту құрылыстары жобасын іске асыру жалғасуда. Нысанды биылғы қазан айында толық жабдықтап, инженерлік желілерге қосу жоспарланған. Осылайша жағалаудағы санитариялық жағдай, су бұру және экологиялық қауіпсіздік мәселелері кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді.